You are currently viewing Мыңнан  астам  адам  қатысты

Мыңнан астам адам қатысты

  • Post category:Новости

«Тазалық – саулық негізі, саулық – байлық негізі» демекші, қоршаған ортаны таза ұстаудың арқасында адамдар салауатты өмір салтын қалыптастыра алады. Көктем – тазалық айы, жаңару айы. Сондықтан бұл айда жаппай сенбілікке шығып, тазалық жұмыстарына жұмылу теміржолшылар үшін дәстүрге айналған.

Биыл да 16 және 23 сәуірде қатарынан екі сенбіде жалпықалалық сенбіліктер өтіп, оған «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының орталық аппаратының, еншілес ұйымдары мен филиалдарының қызметкерлері бір кісінің баласындай үлкен ұйымшылдықпен қатысты.

Сенбілік «Birge – taza Qazaqstan» акциясы мен көктемгі экологиялық айлық шеңберінде өтті. Көшелер мен оған қиылысқан аумақтарды қоқыстан тазартуға теміржолшылар елорданың өзге де мекеме-ұйымдарының қызметкерлерімен бірге атсалысты. Сала еңбеккерлері сыпырғыш, тырма, күрек және қап сияқты «бес қаруларын» сайлап алып, Қосшы тас жолын, айналма жолдың оң жағы мен сол жағына қоса «Гарден Вилладж» коттеджі қалашығының бұрылысына дейін, сондай-ақ Д.Қонаев көшесінде орналасқан әкімшілік ғимараттарға іргелес аумақты, Гете 9/1 көшесі, Жеңіс даңғылы 42, «Теміржолшылар» тұрғын алабы және «Ангар» өндірістік учаскесі мен Жеңіс даңғылы, 39/1 аумақтарын шөп-шалам мен қоқыстардан тазартты. Бұл аталған аумақтағы жұмыстарға барлығы 1000-нан астам адам қатысты.

Көктемгі сенбіліктер – теміржол қызметкерлері үшін дәстүрге айналған іс-шара. Қолайлы ауа-райы мен ұйымшыл ұжымның жұмыла жасаған еңбегі сенбілікке қатысушыларға нағыз көктемгі көңіл-күй мен белсенді іс-қимыл сыйлады.

Ислам Талғат, Нұр-Сұлтан

Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК