You are currently viewing Намысты  қолдан бермейді

Намысты қолдан бермейді

  • Post category:Новости

Бүгінгі таңда Семей ЖТ бөлімшесінде жастайынан спортты серік еткен құрыш білекті теміржолшылар қатары жетерлік. Солардың бірі НЖС-6 Семей жол дистанциясының дефектоскопиялық арба операторы Аманжол Аусыдықов облыс көлемінде ғана емес, ұлттық компания бойынша өткізілетін түрлі сайыстарда да топ жарып жүр.

Әскерде әуе десанты сапында жүріп-ақ талай жетістікке жеткен Аманжолдың есімі қазіргі күні спортты серік ететін барша теміржолшылар қауымына таныс десек, қателеспейміз. Осыған дейін ҚТЖ бойынша ұйымдастырылған қысқы спорт түрлері бойынша шаңғы қосса- йысынан алдыңғы үштіктен табылған еді. Ал, аймақ бойынша өткізілген барлық жарыстарда Қазақстан темір жолының намысын қолдан бермей, бас жүлдені еншілеп жүр.

Мәселен, өткен жылы өңірдегі барлық іргелі мекемелер өкілдері қатысқан, Шығыс Қазақстан облысы бойынша өткізілген сайыстар арасында гір тасын көтеруден чемпион атанды. Спорттың дәл осы түрінен Алматы қаласында өткен республикалық сайыста тағы да топ жарып жүлдегер атанды. Кілең әскерилер, күштік құрылым өкілдері, гір көтеруден әлемді мойындатып жүрген кәнігі ауыр атлеттер арасында теміржолдың намысын қолдан бермеу – үлкен нәтиже.

Десек те, Аманжолдың оң жамбасына келетін спорт түрлері көп. Соның бірі – шаңғы спорты. Мәселен, осыдан біраз бұрын шаңғы спортынан өткен ел біріншілігінде аталмыш жарысқа ұлттық компания чемпионы ретінде қатысып, бақ сынаған еді. 44 келі салмақта сынға түскен 43 жастағы теміржолшы жігіт әскери қызметкерлерді, полиция және төтенше жағдайлар сарбаздарын да артқа тастап, бұл жолы да бас жүлдені еншіледі. ҚТЖ намысын қолдан бермеген жеңімпаз арнайы грамота мен сыйлыққа ие болды.

– Бүгінгі Семей темір жолында спортты серік етіп, озық нәтижелерімен биіктерден көрініп жүрген жандар көп. Солардың арасында Аманжолды айрықша атауға болады. Бөлімшедегі барлық спорттық шаралардың алғы шебінде жүретін ол теміржолшы болмағанда, сөзсіз әлемді мойындататын спорт саңлағы болар еді деп ойлаймын, – дейді бұл ретте пікір білдірген «Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Наталья Мешкова.

Қазіргі таңда Аманжол қысқы президенттік тест тапсыруға даярлық үстінде жүр. Қарағайлы орман ішіндегі шаңғы жолағымен екі шақырымдық алқапты небары үш жарым минутта бағындыратын ол биылғы жылы рекордтық көрсеткішті жаңартпақ ниетте. Бұл бастамаға ақпанның 4 күні Қытай астанасы Бейжіңде басталатын қысқы олимпиада ойындары да ықпал еткенін жасырмайды. Осынау байрақты бәсекеде ол шығыстан қатысатын көзтаныс 9 спортшыға жанкүйер.

Қуаныш Қожаев, Семей

Суретті түсірген автор