ОБЛЫСТЫҚ КОЭФФИЦИЕНТ: ЕКІ КЕЗЕҢДЕ ЖҮЗЕГЕ АСЫРЫЛАДЫ!

  • Post category:Новости

Теміржолшылардың жалақысын төлеуде «учаскелік» коэффициенттен «облыстық» коэффициентке көшу – бір облыс ішінде бірыңғай өңірлік коэффициентті қамтамасыз етеді. Ал ол өз кезегінде бірдей қызмет атқаратын жұмысшылардың еңбекақысында айырмашылық болмауына ықпал етеді. Жаңа жүйеге «ҚТЖ» ҰК» АҚ биыл 1 шілдеден бастап көшті.

Бұл туралы толығырақ «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС Адами ресурстарды басқару және әлеуметтік саясат департаментінің кадр ісі маманы Әсел Ибраевадан сұрап білдік. Айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап серіктестіктің желілік филиалдары қызметкерлерінің айлығы саралай отырып көтерілген. Атап айтқанда, 2-9 разряд бойынша жалақы 40 мың теңгеге, 10-13 разряд бойынша 35 мың теңгеге, 14-19 разряд бойынша 30 мың теңгеге өскен. Жұмысшылардың жалақысын саралап көтеруде негізгі акцент өндірістік персонал мамандықтарына берілген. Нәтижесінде пайызға шаққанда төмен жалақы алатын мамандардың айлығын анағұрлым өсіру көзделіп отыр. Бұл ретте жалақыны өсіруді қаржыландыру көзі – «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның операциялық және инвестициялық шығындары оңтайландыру есебінен жинақталған жеке қаржысы. Жалпы алғанда ұлттық компания айлықты көтеруге 70 млрд теңге жұмсамақ, соның ішінде Жүк тасымалы бойынша 30 млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылады.
– Жалақыны көтеру мүмкіндігі тікелей еңбек өнімділігімен байланысты. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда биыл жалақыны саралап өсіру әдісімен орташа айлық жалақы жетекші мамандықтар бойынша 24-тен 40 пайызға дейін артты. Қазақстан теміржолында жұмысшылардың жалақысын төлеу бойынша тарифтік кестеде 3 біліктілік разрядынан бастап ынталандырудың ішкі разрядты интервалдары қолданылады, мұны ЛАГ деп атайды. Сонымен биыл жыл басынан
бері жалақы төлеу лагын жұмысшының еңбек өтіліне қарай бекіту қайта қарастырылды. Жұмысшыны жұмысқа қабылдар кезде 1 лаг 5 жылдық еңбек өтілі бар разрядтағы мамандарға берілсе, 2 лаг 5-15 жылдық тәжірибесі бар қызметкерлерге беріледі. Сол сияқты 3 лаг 15-30 жылдық, 4 лаг 30 жылдан артық еңбек өтілі бар теміржолшыларға бекітіледі, – дейді Ә.Ибраева.
Өңірлерде әлеуметтік жағдайды жақсарту және ынталандыру мақсатында бірыңғай «облыстық» коэффициентке көшуді екі
кезеңге бөліп жүзеге асыру жоспарланған, яғни бірінші кезеңі осы жылдың 1 шілдесінен басталса, екінші кезеңі биыл 15 қазаннан бастап іске асырылады.

Источник

Райхан РАХМЕТОВА,
Астана