You are currently viewing ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ БЕЛЕСІНДЕ…

ОТЫЗ ЖЫЛДЫҢ БЕЛЕСІНДЕ…

  • Post category:Новости

Отыз жылдық мерейтойын атап өткелі отырған «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігінің «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында 95 мың мүшесі бар. Теміржолшылардың сенімді серігі және тірегіне айналған қоғамдық ұйым – салалық кәсіподақ тарихы тәуелсіз Қазақстан тарихымен тамырлас.

1992 жылы 26 наурызда Алматыда теміржолшылар мен көлік құрылысшылары кәсіподағының алғашқы құрылтай
съезі өтіп, оған республикамыздың үш темір жолынан 120-дан астам делегат, ҚР Көлік және коммуникациялар бірінші министрі Нығметжан Исингарин қатысты.
«Қазақстан Республикасының теміржолшылар және көлік құрылысшылары кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің құрылуы дәл осы күнмен байланысты. Оның құрамына дорпрофсож, райпрофсож және жол бөлімшелеріне тікелей бағынатын кәсіпорындардың бастауыш кәсіподақ ұйымдары, сондай-ақ «Желдорстрой» және «Қазтранстрой» құрылыс трестері кірді. Бірыңғай салалық кәсіподақтың төрағасы болып Алматы темір жолы кәсіподағының басшысы Борис Егорович Шубин сайланды. Оның орынбасарлары болып Иван Лапшин мен Амангелді Байжұманов тағайындалды.

Бірінші құрылтай съезінің шешімдері шеңберінде «Қазкөліккәсіп» ҚБ осы күнге дейін жұмыста басшылыққа алатын жарғы мен басқа да бірқатар нормативтік құжаттар қабылданды, әлбетте, өзгерістер, толықтырулар енгізілуде, бірақ негізі сол күйінде қалып отыр.
«Біріккен кәсіподақ жұмысының негізгі қағидаттары барлық мүшелерінің еңбек, кәсіптік, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау, заң шығару қызметіне ықпал ету, еңбек жанжалдарын оңтайлы шешу, ұйымдық, кеңестік, құқықтық және материалдық қызмет көрсету, өз өкілдерін Парламентке және жергілікті өзін-өзі басқару органдарына ұсыну мақсатында ынтымақтасу», – дейді «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев.
Бүгінгі таңда Қазкөліккәсіп Халықаралық теміржолшылар кәсіподақтары конфедерациясының, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы құрылтайшыларының бірі және Халықаралық көлік федерациясының мүшелік ұйымы болып табылады. Оның құрылымына 13 филиал, 17 жергілікті кәсіподақ, 315 бастауыш кәсіподақ ұйымы, сондай-ақ Атырау, Маңғыстау және Семей өңірлері мен Защита торабы бойынша Орталық кәсіподақ кеңесінің төрт өкілі кіреді.
Кәсіподақтың «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, оның еншілес ұйымдары мен құрылымдық бөлімшелерінің басшылығымен өзара қарым-қатынасы тең құқылы әлеуметтік әріптестік қағидаты бойынша құрылып отыр. Ал салалық келісімде және ұжымдық шарттарда белгіленген міндеттемелер мен кепілдіктерді дәйекті іске асыру
теміржол көлігінің тұрақты жұмысын сақтауға мүмкіндік береді.

Источник

Сұлугүл БАКЕСОВА,
Астана