РЕКОРДТЫҚ КӨРСЕТКІШ ЖЫЛЫ БОЛДЫ!

  • Post category:Новости

Өткен жылы «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ үшін шын мәнінде тарихи жыл болды деуге болады. Себебі, отандық теміржол рекордтық жүк айналымына қол жеткізіп, оның көлемі 252 млрд т-км неттодан асып түсті.

Соңғы жиырма жылдың ішінде бұл көрсеткіш екі есе өсіп, 2021 жылдың деңгейіне қарағанда 5,2% өскен. Мамандар бұл жетістікке жүк тасымалына байланысты логистиканы өзгертіп, тасымал ұзақтығын арттыру және тау-кен металлургия өнімдерін өсіру арқылы қол жеткізілгенін айтады.

Сондай-ақ, 2022 жылы Қазақстан Республикасы мен Қытай халық республикасы арасындағы тасымал көлемінің тарихи максимумы орнатылып, 23 млн тоннаны құрады. Бұл көрсеткіш 2021 жылғы деңгейден 14%-ке жоғары. Оның ішінде экспорттық жөнелтілімдер 13%-ке, ел мұқтажы үшін импорт 9%-ке ұлғайды. Әрине, мұндай жетістік екі ел теміржолшыларының үйлесімді жұмысының нәтижесі болып табылады. Қытайға тасымалдау сұранысының артуына байланысты Аягөз – Бақты үшінші теміржол шекара өткелін салу бойынша техникалық- кономикалық негіздеме әзірленуде. Бүгінгі таңда Достық – Алашанькоу және Қорғас – Жетіген шекаралық теміржол өткелдері жұмыс істейді.

Жалпы, 2022 жылы ҚТЖ желісі арқылы 250 млн тоннадан астам жүк тасымалданды. Әлеуметтік жүк – көмір тиеу 106,6 млн тоннаны құрады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 600 мың тоннаға артық. Соның ішінде ел ішіндегі тұтынушыларға 74 млн тонна көмір жеткізілді. Күн сайын облыс әкімдіктерімен бірлесіп қатты отын қорына мониторинг жүргізілуде, оның нәтижесі облыстарда көмір қоры жеткілікті екенін көрсетіп отыр. Тасымалдау процесінің барлық қатысушыларының үйлесімді жұмысының арқасында шағымдар мен айыптаулар да жоқ.
Жыл қорытындысы бойынша астық тасымалдау көлемі 10 млн тоннаны құраса, бұл 2021 жылғы деңгейге қарағанда 12%-ке жоғары, оның ішінде экспортқа 8 млн тоннасы, яғни 18% өсіммен жөнелтілді. Тартылған астық өнімдерін тасымалдау 3 млн тоннаны құрап, өткен жылғы деңгейге қарағанда 20%-ке өскені байқалды. Астық тасымалдау кезінде негізгі проблема сәуір- қыркүйек кезеңінде квотаның қолданылуы болды, әсіресе, бұл жылдың соңғы үш айында рекордтық көлем – астық баламасында 1,5 млн тоннадан тасымалданған кезде тиелімнің күрт өсуіне әкелді.

Десек те, тасымал көлемінің жылдам өсіп, инфрақұрылым жүктемесінің көбеюіне қарамастан ҚТЖ тасымалдау жоспарының орындалуын қамтамасыз етті және келесі жылға арналған басымдықтарды белгіледі.

Источник

Сұлугүл БАКЕСОВА,
Астана