You are currently viewing САДАҚ АТУ – ҰЛТТЫҚ ӨНЕР!

САДАҚ АТУ – ҰЛТТЫҚ ӨНЕР!

  • Post category:Новости

Жаңаөзендік теміржолшы ұлттық спорт түрі – садақ атудан өткен облыстық жарыста жүлдегер атанды. Сайыс Маңғыстау станциясының орталығы Мұнайлы ауданының 15 жылдығына және Бекет атаның 272 жылдығына орай ұйымдастырылған еді. Ауқымды іс-шара Маңғыстау облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясы мен облыс әкімдігінің қолдауымен, өңірдегі «Өзенмұнайгаз», «Қаражанбасмұнай» АҚ сияқты ірі компаниялардың демеушілігімен өтті, жүлде қоры да қомақты болды. Садақ ату сайысында Жаңаөзен станциясы бастығының орынбасары Самал Зулпыхаров мергендігімен көзге түсті. Жүлделі үшінші орынды иемденген теміржолшы жігіт ауылына қанжығасы майланып, алғашқы жүлдесін арқалап қайтты. Садақ ату өнерін енді ғана меңгере бастаған Самал Зулпыхаров бұған дейін қазан айында өткен Қазақстан Республикасының бірінші чемпионатына қатысып, жүлде алмаса да тәп-тәуір тәжірибе жинаған.
– Биылдан бастап елімізде дәстүрлі садақ ату ұлттық спорт түріне енгізілді. Менің онымен айналысып бастағаныма көп бола қойған жоқ. Бұрыннан жақсы көздеуді білетінмін. Кезекті еңбек демалысымда Шымкент қаласына барғанмын. Сол жерде ақылы садақ ату орны да болып, қызығушылығым оянды. Кейін іздеп жүріп садақ атуға қажетті құрал-саймандарын сатып алып, ауылға оралғасын қаладағы үйірмесіне жазылдым. Содан бері жұмыстан босаған сәтте аптасына 2-3 күн барып, жаттығамын. Соның нәтижесінде ҚР бірінші чемпионатына қатыстым және ұйымдастырушылардың қатарында болдым. Бүгін, міне, 3-орын алып отырмын, – деп қуанышымен бөлісті Самал Зулпыхаров. Сонымен қатар ол армрестлингпен де шұғылданады екен. Осы жылы түбек теміржолшылары арасында өткен қол күресі жарысында екінші орыннан көрінген. Волейболға да ықыласы бөлек, Маңғыстау теміржолшылары құрама командасының мүшесі. Темір жолдағы еңбек жолын бекет кезекшісі болып бастап, соңғы алты жылда станция бастығының орынбасары қызметін абыроймен атқарып жүр.

Источник


Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау