You are currently viewing ШАХМАТ ТАҚТАСЫНДА – АРДАГЕРЛЕР!

ШАХМАТ ТАҚТАСЫНДА – АРДАГЕРЛЕР!

  • Post category:Новости

Қызылорда теміржолшы ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен бөлімшеде зейнеткерлер арасында шахмат сайысы өтті.

– Жылына бір рет теміржол саласы ардагерлерінің басын қосып шахмат, дойбы жарыстарын өткізіп тұрамыз. Біреулер ойынға қатысса, енді біреулері бұрынғы үзеңгілес қызметтес болған жолдастарымен кездесіп, өткен күнді еске алып, әңгімелесуге келеді. Ойынға қатысушыларға қолдау білдіреді. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуді бөлімше жастарына дағды, үлгі-өнеге ретінде қалдырсақ, нұр үстіне нұр емес пе? – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисенбі Шермаханов.

Шахмат жарысына Қызылорда қосалқы бөлімінің Мұхтар Өмірзақұлы басқаратын кәсіподақ ұйымы демеушілік жасады. Шахмат ойыны өте қызықты өтті. Бірі қарсыласын ұпай санымен ойсырата жеңсе, енді бірқатары тең ойын көрсетті. Шаршы тақтада шахмат фигураларын шырқ айналдыратын мықты ойыншы Әлібек Аманжолов бұл жолы бір жағдайлармен сайысқа қатыса алмады. Ақыл-ой спорты нәтижесінде ардагер Тұрақбай Қалиевтің асығы алшысынан түсіп, 1-орынды иеленсе, Серік Ермаханов 2-орынды еншіледі. Ал тең ойын көрсеткен Рахметулла Нұрымбетов пен Айдар Мұстафаев үшінші орынды өзара бөлісті. Жарыс жеңімпаздарына ардагерлер кеңесі мен Қызылорда қосалқы бөлімінің кәсіподақ ұйымы тарапынан аржылай, ал қатысушыларға ынталандыру сыйлығы берілді.


Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Суретті түсірген автор