You are currently viewing ТАБИҒАТ АЯСЫНДАҒЫ ТАМАША ДЕМАЛЫС

ТАБИҒАТ АЯСЫНДАҒЫ ТАМАША ДЕМАЛЫС

  • Post category:Новости

Жуырда Семей ЖТ бөлімшесінің теміржолшылары арасында жылдағы дәстүрге сай шаңғыдан жекелей және командалық жарыстар болып өтті.
Қала іргесіндегі қарағайлы орман ішінде ұйымдастырылған шара табиғат аясындағы тамаша демалыс болды

Теміржолшылар «кәсіподақ шаңғысы» атайтын бұл дәстүрлі жарыс биылғы ұйымдастырылған қысқы спорт түрлерінің ең соңғысы, қорытынды жарыс болатын.
Сондықтан болар, оған желі бойындағы әр мекемеден 30- дан аса теміржолшы қатысты.
Ең алдымен барлық қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай өзара бірнеше топқа бөлінді. Әйелдерден екі топ, ерлерден екі топқа жіктеліп, қалың орман арасындағы жалғыз аяқты шаңғы жолына түсті.
Жарыс ережесі бойынша әйелдер шаңғымен 1 км, ерлер 1,5 км қашықтықты жүріп өтуі керек. Барлық қатысушылардың өзіндік тәжірибелері бар болатын. Сондықтан бірінен бірі қалыспай мәреге жетуге барын салды. Қиқуға толы қызықты өткен сайыс қорытындысы да көп ұзамай белгілі болып қалды.
Өз топтарында жеңімпаз атанған теміржолшылар арасында 1-орынды ПЧ-39 мекемесінен Анар Нығметжанова, кәсіподақ есепшісі Сәуле Асқарова, ЭЧ-18 қызметкері Нұрболат Мейіржан, НЖС-6 бөлімшесінен Нұрлан Бегадилов иеленді.
Екінші орын алған теміржолшылар қатарында әуесқой шаңғышылар Айнұр Магапиянова, Раушан Нұрмағамбетова, Еркін Қабышев, Аманжол Шурахметов болды. Олардың бәрі арнайы марапатталып, Алғыс хаттар табыс етілді.
Үшінші орын алғандар да марапаттан құр қалған жоқ. Айта кетерлігі, сайысқа жанкүйерлер қауымы да мол жиналған болатын. Олар өз мекемелерінен қатысқан шаңғышыларға белсенді түрде қолдау көрсетті. Нәтижесінде барлығы да сергектік пен жақсы көңіл-күйге ие болды. Жарыстан кейін желі бойындағы мекемелер кәсіподақ ұйымдарының ұйытқы болуымен жасыл орман аясында ыстық бәлішпен шай ішілді.
Абай ЕРТІС, Семей
Суретті түсірген автор