You are currently viewing ТЕМІРЖОЛ ОНЫҢ ТАҒДЫРЫ…

ТЕМІРЖОЛ ОНЫҢ ТАҒДЫРЫ…

  • Post category:Новости

Біздің кейіпкеріміз Аманжол Қарабас ҚТЖ компаниясы құрылған ширек ғасырдан бері жолаушы тасымалына
қызмет етеді. Жолаушы пойызында жолсерік. Жалпы, ғұмырының 40 жылын осы салаға арнаған, алғашқы
15 жылда тепловоз машинисі болыпты.

Әрине, темір тұлпар тізгіндеп, жолаушы пойызын жүргізген жанның жолсерік болып қызмет ауыстырғанына таң қалғанымызды жасыра алмадық. Себебін кейіпкеріміз өзі айтып берді. 1997 жылы жолдасы сырқаттанып, дәрігерлердің кеңесімен ауа райы салқындау жерге қоныс аударуға шешім қабылдап, отбасымен Маңғыстаудан Ақтөбеге көшіпті.
– Отбасымның жағдайы үшін көбірек бос уақыт, вахталық жұмыс қажет болды да, Мәскеуге қатынайтын тіркеме вагонға
жолсерік болып ауыстым. Бір апта жолда, бір апта үйде болатынмын. Үй-жай Ақтөбеде, жұмысым Маңғыстауда, екі ортада
жүрдім біраз жыл. Құдайға шүкір, әйелімнің денсаулығы жақсарды. Ал мен осы жұмыста қалып қойдым. Оның алдында жолаушы пойызын жүргізсем, енді тікелей сол жолаушыларға қызмет көрсетем. Әрине, алғашқыда тепловозымды аңсап, у-шуы көп жаңа жұмысқа үйрене алмай, қоңылтақсып жүрдім, бірақ уақыт өте келе үйреніп кеттім, – дейді Аманжол Қарабас.
Әскери борышын Мәскеуде өтеген ағамыз теміржол батальонына тап келіпті. Жол төсеу, көпір салу, тепловоздардың жұмысымен де танысуы сол кезден басталады. Елге келгесін, 1982 жылы Маңғыстаудағы локомотив депосына тепловоз жөндеушісі болып кіреді. Бір жылдан соң көмекші машинист болып екіүш жыл тәжірибе жинаған соң тепловоздың оң қанатына отырады. Бастапқыда жүк пойызын, кейін он жыл Өзен-Маңғыстау қаламаңы, Маңғыстау-Атырау
жолаушы пойызын жүргізеді.
– Теміржол қызық та қиын жұмыс. Ол үшін адам теміржолшы болып тууы, соған бейім болуы керек. Әйтпесе 30-40 жылдап
жүре алмайды. Күнде де, түнде де жұмысқа дайын тұруың керек. 12 сағат сайын ауысып, пойыз жүргіздік. Маңғыстау
станциясынан құпия пойыздарды тасымалдаған 4-5 машинистің бірі болдым. Вагонда нақты не барынан, қандай қауіпті нәрсе екенінен мүлде хабарсызбыз. Білетініміз – құпия жүк. Соны аман-есен алып баруымыз керек. Қолымызға екі күн бұрын кестені ұстатады. Жолға шығамыз, жүрген әр минутымыз санаулы. Сол кездегі КГБ дейтін ұлттық қауіпсіздік
қызметінің өзі бақылап отырады. Станция, бекеттерде арнайы қызмет өкілдері күзетіп тұрады. Бірде қызық жағдай болған. Бір құрамаға белгіленген жүк салмағы 3 000 тоннаға дейін. Маған 3100 тонна тиеп қойыпты. Хабарласып, бір вагонды ағыттырдым Сөйлескенімді де КГБ тыңдап тұрады екен. Дереу жетіп келді, – деп өткен жылдарын еске алды
кейіпкеріміз.
Талай жыл жолсерік болып Мәскеуге қатынайтын тіркеме вагонда жүрген кейіпкеріміз бүгінде Маңғыстау-Семей бағытындағы пойызда қызметін жалғастыруда. Бір қызығы, кезінде бірге еңбек етіп, тіпті өзіне көмекші болған
жігіттердің біразы бүгінде зейнетте. Себебі олар салалық зейнетақымен 57 жастан демалысқа шыққан. Аманжол ағаның жасы алпысқа келді. 40 жыл еңбек тәжірибесі бола тұра тағы бір-екі жыл жұмыс істеуі керек.
– Кейде машинист болып жүргенде сол замандастарым секілді бүгінде зейнетке шығып, немерелерді қызықтап отырар едім деп армандаймын, мен де 15 жыл машинист, 25 жыл жолсерік болдым емес пе? Болашақта осындай жағдайлар ескерілсе деймін, – деп назын айтты теміржол тағдырына айналған Аманжол Қарабас.

Источник


Шахида ЖҰМАН, Маңғыстау
Суретті түсірген автор