You are currently viewing теміржолдан  шыққан  үш  батыр

теміржолдан шыққан үш батыр

  • Post category:Новости

Атырау жол бөлімшесінде мұражайдың ашылғанына биыл отыз жыл толып отыр. Дәлірек айт- қанда, өлке темір жолының елу жылдығы аталып өткен 1992 жылы сол кездегі бөлімше басшысы Амангелді Селбаевтың бастамасымен ашылған музей біраз жылдардан соң жабылып қалғаны да жасырын емес…

2019 жылы сол кездегі бөлімше басшысы Мағауия Оразқұлов өткеннің тағылымды тарихынан сабақ алмай, бүгінді жасау мүмкін емес деген бастама көтеріп, шашылған мұраларды қайта жинақтап, жаңа мағлұматтарды енгізіп, мұражайды қайта жабдықтатуға күш салды. Бүгінде Атырау магистральдық желі бөлімшесі ғимаратында орналасқан мұражай жергілікті теміржолшылардың мақтанышына айналған.

Мұнда не жоқ, көне вагон, цистерна, темір жол көпірі макеті өткен ғасырдың суреттерін көз алдыңызға әкеледі. Шыны әйнекті шкафтар ішінде ескі паровоз, тепловоздар макеттері сап түзейді. Байланыстың бастапқы кезін еске түсіретін радиостанциялар, коммутатор, телефон-телеграф аппараты, автодрезина, иінді кран, бұрма жабдығы макеттері де бар. Өлке теміржолының, бөлімше жұмысының әр жылдарынан сыр ақтаратын фотоальбомдар жасақталған. Ал енді бір бұрышта Социалистік Еңбек Ерлері Л.Шахатов пен Б.Кереевтің меншік заттары, жұмыс формалары қойылыпты. Барша атыраулықтардың мақтанышы болған даңқты тұлғалар.

Кешегі кеңес одағы кезінде бұл өлкеден үш бірдей Социалистік Еңбек Ері шыққанын көпшілік біле бермесе керек. Олар жоғарыда айтқан Л.Шахатов пен Б.Кереев, екеуі де атақты жол шеберлері болған. Ал үшіншісі А.Шүкіров –Әзербайжан ұлтынан шыққан тепловоз машинисі.

Латип Озғанбайұлы Шахатов 1929 жылы Жылыой ауданы, Ұялы колхозында дүниеге келген. 15 жасынан еңбекке араласып, темір жолда жол жөндеуші болып жұмысын бастайды. Ұзақ жыл Мақат станциясында жол бригадирі, жол шебері, аға шебер қызметтерін абыроймен атқарады. Ерен еңбегімен ерекшеленіп 1966 жылы Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, 1971 жылы КСРО Құрметті теміржолшысы атанады. 1976 жылы темір жол саласына сіңірген айрықша еңбегі үшін «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріліп, Ленин ордені омырауына қоса тағылады. 1991 жыл ел тәуелсіздік алған соң, Қазақстанның Құрметті теміржолшысы атағы да беріледі. Бүгінде Мақаттағы №26 мектепке, Восточное ауылына, жол дистанциясындағы өндірістік телімге Еңбек Ерінің есімі берілген. Сондай-ақ, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Бас директорының орынбасары А.Исмухамбетовтің 2018 жылдың 17 тамызындағы №447 хаттамасымен Мақат локомотив пайдалану депосының №9269 тепловозына Латип Шахатовтың есімін беру жөнінде қаулы қабылданған. Бүгінде ұрпақтары түгел темір жол саласында еңбек етеді.

Бақай Кереев 1931 жылы Гурьев облысы, қазіргі Махамбет ауданы, Алға ауылында дүниеге келген. Гурьев жол дистанциясында бригадир, кейін дистанциядағы 13-айналымның жол мастері болып еңбек еткен. Жол жөндеу саласындағы ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін Б.Кереев Еңбек Қызыл Ту, Октябрь Революциясы ордендерімен марапатталып, Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Оның да ұрпақтары бүгінде Атырау магистральдық желі бөлімшесінде еңбек етуде.

Шүкіров Али Абдуллаоглы 1924 жылы Әзербайжанда дүниеге келген екен. Ұзақ жылдар Баку қаласындағы паровоз депосында тепловоз машинисі болған. Ауыр салмақты пойыздарды жүргізуде жанар-жағармай үнемдегені үшін ерекше көзге түскен. 1959 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алған. 1967 жылы Маңғышлаққа келіп теп- ловоз машинисі болып, 1988 жылы зейнетке шыққанша еңбек еткен. Міне, мұражайда осындай ерен тұлғалар туралы мағлұмат кейінгі буын үшін тағылымды танымдық тәрбие көзі болары анық.

Қосұйым Мұқашев, Атырау

Суретті түсірген автор