Теміржолшыларға арналған спорт кешені ашылды

Теміржолшыларға арналған спорт кешені ашылды

  • Post category:Новости

Спорт–денсаулық кепілі. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында Ақтөбедегі Әуе қалашығы ауданында «Теміржолшы» спорт кешені ашылды. Бұл спортсүйер теміржолшыларға жасалған ерекше мүмкіндік. 

Спорт кешені Отан қорғаушылар күні және Жеңіс мерекесіне орай ән-шашумен ашылды. Нысанның ашылуына Қазақстан салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағы  қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесінің орынбасары Бақытжан Мұханбетұлы, «ҚТЖ» Жүк тасымалы Батыс аймақтық филиалы басшысының орынбасары Еділ Шаймов, теміржолшы ардагерлер қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Салтанатты шараға аймақтағы теміржол мекемесінің барлық басшылары қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Заманауи спорт қондырғыларымен жабдықталған кешеннің әрбір теміржолшыға ерекше жігер, серпіліс беретіні айтылды. 

«Құтты қонақ келгенде қой егіз туады. Бүгінгі қадамдарың құтты болады деп ойлаймыз. Отан қорғаушылар күніне теміржолшыларға арналған спорт кешенін ашу — үлкен қуаныш. Қиын кезеңге қарамастан барлық мүмкіндікті пайдаланып, жаңа заман талабына сай жаттығу орталығын ашу — әр теміржолшыға қолдауды сезінуге мүмкіндік береді. Жетістіктер көп болсын, елде бейбіт өмір болсын», — деді салтанатты шарада батасын берген ардагер теміржолшы Жеткерген Әлиев. 

Қоғамдық маңызға ие спорттың адам өмірінен алар орны зор. Мемлекетіміз бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып келеді. Үлкен компаниялар қолдауымен еліміздің түкпір- түкпірінде спорт кешендері салынуда. Бүгінгі шара  соның дәлелі. Кең жаттығу алаңында теміржолшылардың шынығып, шымыр болып қалыптасуына зор мүмкіндік берері сөзсіз.

«Отан қорғаушылар күні, ұлы Жеңіс күні еліміздегі үлкен мерекелердің бірі. Елде бейбітшілік болып, азаматтарымыздың абыройы асқақ болсын. Бұл үлкен жұмыстардың басы. Кәсіподақ ұйымы, ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен әлі талай шараның куәсі боламыз. Кезінде Батыс Қазақстан теміржолы болғанда әлеуметтік объектілер, спорт кешендері, садик, шипажай бәрі болды. Қазақстан теміржолы құрылып, үш теміржол бөлімшесі біріккенен кейін барлық нысандардың қайда кеткенін білеміз.  Бүгінгі ашылып жатқан спорт кешені көз алдымызда болып жатқан өзгерістердің бірі. Биыл Қазақстан кәсіподағы құрылғанына 30 жыл. Осы мерекенің басы — осы спорт кешенінің ашылуы. Осындай іске еңбектің натежесінде қолымыз жетті», — деді Қазақстан салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағы  қоғамдықдық бірлестігінің орталық кеңесінің орынбасары Бақытжан Қуынышев. 

Спорт кешені көпшілік көңілінен шығатындай етіп, жабдықталған. Қажетті спорт құралдары да жеткілікті. Сондай-ақ, спортшылар үшін санитарлық-тұрмыстық жағдайлар да талапқа сай жасалынған. Фитнес залы, ауыр спорт құралдары, жүгіру қондырғылары бар. Қысқасы, мұнда спортпен шұғылдануға мүмкіндік мол.

Ардагерлер мен теміржолшылар осы орталықтағы спорттық аппараттарды отбасымен тегін пайдалана алатыны айтылды. 

Ардақ Ерубаева, Ақтөбе 

Фото автордан