You are currently viewing Жаңа қазақстан: бейімді де қабілетті кадрлар қажет

Жаңа қазақстан: бейімді де қабілетті кадрлар қажет

  • Post category:Новости

Қазіргі таңда елімізде Президенттік жастар кадрлық резервінде 300 адам бар. Бұл резервшілер 2019 жылы өткізілген конкурс нәтижесінде 13 мың үміткердің арасынан іріктеліп алынған. Өткен демалыста «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы осы жастардың бір бөлігімен кездесу өткізді.

Қордың штаб-пәтерінде өткен жиында Жаңа Қазақстанның жылдам өзгеріп жатқан қазіргі заманғы жағдайына тез бейімделуге қабілетті, жоғары білікті кадрларға деген қажеттілігі сөз болды. Шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев қатысып, аталған резерв құрамындағы мамандар туралы мәлімет берді. Қор басшылығы резервшілер жобалары мен бастамаларын мұқият тыңдап, олардың сұрақтарына жауап берді.

–Жастар бойындағы күш-қуат – олардың артықшылығы. Сол күшті еліміздің дамуына дұрыс пайдаланудың маңызы зор. Біз үшін қауіпсіздікпен қоса тиімділік мәселесі – басты тақырып. Сондықтан компанияда «Бизнесті трансформациялау» бағдарламасын қабылдап, оны жүзеге асыруға қызметкерлердің бір бөлігін теміржолдан, екінші бөлігін нарықтан алдық. Бізге өзгерістерге дайын, қабілетті жастар керек. Қазір бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Мысалы, отынға үнемділік жобасы өз тиімділігін беріп, компанияда 10 млрд теңге қаржы үнемделді. Бұл – ғаламат сан. Осындай тиімді жобаларды ұсынатындарды сыйақымен ынталандыру да жолға қойылған, – деді басқарма төрағасы өз сөзінде.

Ол сонымен қатар компания үшін тағы бір маңызды сала – ақпараттандыру орталығы екенін жеткізді. Теміржол алып компания болғандықтан оның қаржылық есебіне тек жасанды интеллект арқылы болмаса, басқаша талдау жүргізу мүмкін емес. «ҚТЖ-ға бір шетінен кіріп, екінші шетіне жеткенше зейнетке шығатын уақыт болады. Сондықтан оны есептеп, тексеруге тек цифрландыру арқылы ғана қол жеткіземіз. Сол себепті біз үшін қозғалыс қауіпсіздігінен кейінгі маңызды сала – цифрландыру», – деп атап өтті тағы да Н.Сауранбаев.

Президенттік жастар кадрлық резервіндегі маманның бірі Әлібек Шерияздан бүгінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Автоматтандыру және цифрландыру дирекциясы» филиалының телекоммуникация және байланысты дамыту департаменті директоры болып еңбек етеді.

– Технология күн сайын дамып жатқан бүгінгі дәуірде мамандығымды ең бір сұранысқа ие сала – телекоммуникация бағытынан таңдадым. Осы саладағы мемлекеттік кәсіпорындарда 9 жылдық тәжірибем бар. 2019 жылы он мыңнан астам үміткердің арасынан ПЖКР құрамына алынып, резервшілер тізіміне ендім. Бұл – мемлекеттік басқару жүйесі және квазимемлекеттік секторда өз күшімді сынап көруге мүмкіндік берді. ҚТЖ-да жұмыс істеу – компанияның телекоммуникация және байланыс жүйесін одан әрі дамытуға үлес қосуға берілген мүмкіндік. Заманауи телекоммуникациялық инфрақұрылым – компанияның цифрлы трансформация бойынша жоспарларын тиімді жүзеге асыруға қаланған берік іргетас десе болады. Осылайша менің алдымда қолданыстағы желілерді жаңғырту, сонымен қатар телекоммуникацияны жаңа заманауи желілерге көшіру жобаларын жүзеге асыру міндеттері тұр, – дейді Әлібек.

Ал Мұрат Төрегелдин «ҚТЖ» ҰК» АҚ корпоративтік хатшы аппаратында еңбек етеді.

– 2015 жылы Ұлыбританияда “Болашақ” бағдарламасымен халықаралық корпоративтік және бизнес-заңгер бағытында магистратура бітіргеннен кейін елге оралдым. Компанияға 2018 жылы «Самұрық-Қазына» АҚ өткізген «Job matching» жобасының іріктеуі нәтижесінде келдім. Осы саладағы менің жұмысымның басты бағыты – «Самұрық-Қазына» және ұлттық компания басқармасы мен Директорлар кеңесі арасында өзара тиімді іс-әрекет орнату. Компанияның Директорлар кеңесі ең маңызды стратегиялық басқару органы болғандықтан, оған компанияның төрағасы, «Самұрық-Қазына» АҚ басшылығы және бірқатары шетелдік азаматтар болып табылатын тәуелсіз директорлар кіреді. Жұмыстың екінші бағыты – корпоративтік басқару жүйесін компанияның өзі және еншілес ұйымдары деңгейінде жетілдіру. Өткен жылы тәуелсіз талдау нәтижесінде корпоративтік басқару рейтингі артты. Қазір осы көрсеткіштерді одан әрі қарай жақсарту үшін жұмыс жүргізудеміз. Сонымен қатар ҚТЖ-ны IPO-ға шығару мүмкіндігі және «Самұрық-Қазына» АҚ реформалары шеңберінде компанияны халықаралық листингтік талаптарға сәйкестендіру міндеті тұр. Сондықтан осы бағытта атқарылатын жұмыстар көп. Ұсыныс ретінде айтарым, «Самұрық-Қазына» АҚ-ны басқа портфельді компаниялармен, әсіресе, IPO өткізетін және оған дайындалып жатқан компаниялармен тәжірибе алмасу, сын-қатерлер және мәселелерді бірге талқылау мақсатында шешу алаңына айналдыру, – дейді М.Төрегелдин.

Райхан Рахметова

Суретті түсірген Александр Жабчук