Жарна төлемеген медициналық көмектен қағыла ма?

  • Post category:Новости

Дүниежүзілік денсаулық күніне орай аймақ теміржолшылары медицина саласының мамандарымен кездесіп, жан-жақты мағлұмат алды. «Қазкөліккәсіп» ҚБ 30 жылдығына орай Қызылорда филиалының арнайы ұйымдастыруымен өткен жиында медициналық сақтандыру мәселесі сөз болды.

МӘМС қорының облыстық филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов қор жұмысы жайлы ақпараттандырып, теміржолшылар сауалдарына жауап берді.

Айтуынша, қазіргі таңда дәрігерлік көмекке жүгінушілердің арасында дәрігерлік сақтандыру МӘМС жүйесіне жарна аударылмай қалып, дау-жанжал туындайтын жағдай көп кездеседі екен. Тіпті осы жиынның өзінде сақтандыру қорының өкіліне жиналғандар сұрақты қарша боратып жатты… «емханаға барсам сақтандырылмағансыз, жұмыс орныңыз аударым жасамаса, жарнаны қолма-қол төлеп көмек алыңыз дейді», «мұндай сақтандырудың көмектен гөрі әлегі көп», «маған осы айда жарнаңыз аударылмағандықтан дәрігерге көріне алмайсыз деді», т.т. сауалдарға А.Рахымов жан-жақты жауап беруге тырысты.

Залда айтылған сауалдармен бірге МӘМС жүйесінде азаматтардың мәртебесін анықтау, тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі мен міндеті, әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қалай қаржыландырылады, халықтың құқықтары мен мүмкіндіктері деген сынды өзекті мәселелерге қатысты да түсінік берді.

– Медицина саласында 2020 жылдан бастап жасалған реформа негізінде еңбеккердің айлық табысы мен жұмыс беруші мекемеден аударым жасалып, қазіргі медициналық қызмет тегін және ақылы қызмет болып жіктеліп, екі түрлі ұстаныммен жұмыс істеп келеді. МӘМС жүйесі мемлекеттік құрылыммен басқарылады. Онда медициналық пакеттер екі түрге бөлінген, біріншісі – дәрігерлік көмекке жүгінуші азаматтар үшін 15 жеңілдік қарастырып, дәрігерлік аударым болсын-болмасын тегін көмек алуы заңмен бекітілген. Бұл топқа 18 жасқа толмаған балалар, мүгедектер, жұмыс істемейтін әйелдер, студенттер секілді 15 санатқа кіретін пациенттерге мемлекет тарапынан жеңілдік берілген. Және қандай да бір оқыс апат орын алған жағдайда, шұғыл ота жасау керек болғанда пациенттің сақтандыруы болсын-болмасын жедел жәрдем қызметі тегін көрсетіледі. Емханадағы учаскелік дәрігердің көмегі де тегін жасалады. Қант диабетімен, қан аруымен ауыратындарға, қан қысымымен дәрігерлік есепте тұратын динамикалық бақылауда тұратын санатқа жататын науқастарға да дәрігерлік көмек тегін көрсетіліп, жарна мемлекет тарапынан қаржыландырылады, – деді МӘМС қорының облыстық филиалының бөлім басшысы Абылайхан Рахымов.

Ал енді жұмыс істейтін азаматтарға сақтандыру қорына жарна төлеу міндетті. Ол жоқ жерде дәрігерлік көмек ақылы жүргізіледі. Сондықтан, еңбеккердің жарнасы мен мекеме аударымының МӘМС қорына ай сайын түсіп тұруына әр мекеменің бухгалтериясы жауапты қарағаны жөн.

Сонымен қатар, дәрігерлік ем-шара дұрыс көрсетілмеген жағдайда да медициналық мекеменің аудит маманына, басшылығына арызданып, шағымдану да мүмкіндігі айтылды. Пациент ем-домды өзінің таңдаған жерінен алуға, яғни медмекемені таңдауға құқылы.

Сабырхан Сейілбекұлы, Қызылорда