You are currently viewing ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА – ШИЕЛІЛІК ЖОЛШЫЛАР

ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДА – ШИЕЛІЛІК ЖОЛШЫЛАР

  • Post category:Новости

Қызылорда жол дистанциясының Қаракеткен мен Шорнақ станциялары аралығындағы өндірістік телімдерінің жастарынан құралған 5 команда шағын футболдан жарыс өткізді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы құрметіне өткен спорт сайысында Шиелі станциясындағы 4-өндірістік телім жолшылары жеңіске жетті.

Ұжымдық достықты нығайтып, салауатты өмір салтын бекемдеуді мақсат тұтқан спорттық додаға жолшылар ұжымы кәнігі спортшылардай даярлықпен келіп, қызықты да тартысты ойын көрсетті. Құрамалар арасында тартылған жеребе бойынша алаңға шыққан командаларды дистанция бастығы Марат Оңалов, «Қазкөліккәсіп» ҚБ филиалы төрағасы Бауыржан Ахметов, «Теміржол» филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаева, ұжымның кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Ноғайбаева құттықтап, жеңіс тіледі.

Әрине, құрамалардың арасынан қайсысы жеңіске жететіні ойынның алғашқы турында белгісіз болды. Дегенмен командалардың өзара кездесуінен кейін есеп айырмашылығымен оқ бойы оза шыққан шиелілік 4-телімнің бәсі басым екендігі аңғарылды. Иә, аяқ алысы ширақ, өзара түсінісе қимылдап, қарсыластарының осал тұсын дөп таба білетін құраманың сауатты ойыны алғашқы айналымнан кейін-ақ жеңіс тұғырынан үмітті екендігін байқатты.

Расымен, Шиелілік жолшылар ешкімге дес бермей, ойын соңына дейін үздік ойын үлгісін көрсетіп, жүлделі 1-орыннан көрінді. Сауран станциясынан келген 6-өндірістік телім командасы – 2-орын, Сұлутөбенің 3-өндірістік телім құрамасы 3-орын иеленіп, турнир қорытындыланды. Сондай-ақ, шебер ойын өрнегімен айрықша көзге түскен Бақытжан Махамбетов – үздік қақпашы, Диас Кажденов – үздік шабуылшы, Нұрлан Жұмаділдаев үздік қорғаушы атанып, арнайы жүлделермен марапатталды. Жалпыкомандалық есепте орын алған командаларға да ынталандыру сыйлығы берілді.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ