You are currently viewing Жолбойында басталған жаңа өмір

Жолбойында басталған жаңа өмір

  • Post category:Новости

Осы аптада «Қала маңы тасымалы» АҚ-ға қарасты Жезқазған –Қарағанды пойызының жолсеріктері жүкті әйелді босандырып алып, Данил есімді сәбиге кіндік шеше боды.

Жезқазғандық тұрғын Екатерина Феттер жүктілігінің сегізінші айында Қарағандыға босануға кетіп бара жатқан екен. Алайда пойызға мінгеннен кейін жарты сағат өткен соң әйелдің толғағы басталған. Бұл туралы дереу пойыз бригадасына хабар беріліп, пойыз бастығы Бақтияр Әбдірайымов жүкті әйел келе жатқан №3 плацкарт вагонға келіп мән-жайды анықтайды. Оның айтуынша, әйел үшінші баласына жүкті екен және босану бойынша қиындықтар болғандықтан облыс орталығы Қарағандыға келе жатқан. Көрші вагонда әйелді облыс орталығына алып бара жатқан акушерка болған.

  • Жезқазғаннан жедел жәрдем артымыздан жіберілді. Олар әйел мен акушерді ең жақын Теректі бекетінен түсіріп кетуді айтты. Бірақ маған бұл жолдың бойындағы елді мекендердің жағдайы мәлім болғандықтан ол шешіммен келіспедім. Теректі деген 5-6 үй ғана отырған шағын ауыл болатын, ол жерде әйел жедел жәрдем келгенге дейін босанып қалар болса, ешқандай жағдайы да, емдеу мекемесі де жоқ. Сосын шешім қабылдап, акушерге зор сенім білдіріп, қасына көмекке теміржолда 26 жылдық тәжірибесі бар жолсерік Зәурешті қосып, анық уақыты жетсе осында босандырып алғаны жөн екенін айттым. Әйелді қызметтік жолсеріктер купесіне әкеліп, медициналық қобдиша, таза төсек орын беріп, бар жағдайын жасадық. Бір сағаттай толғатып, салмағы 1,5 келі болса да дүниеге дені сау ұл бала келді. Өзім де 4 баланың әкесімін. Бірақ өмірімде мынадай кішкентай сәбиді бұрын көрмеппін, аздап қорықтым, дегенмен бәрі сәтті аяқталғанына қатты қуандық. Біздің тәжірибемізде әйелді жолда босандыру бірінші рет, – дейді пойыз бастығы.

Жеңіс станциясына келгенде жас босанған әйелді баласымен бірге жедел жәрдем бригадасы алып кеткен. Олар станциядағы перзентханаға жеткізіліп, тиісті көмек көрсетілген.Пойыз жолсерігі Зәуреш Түсіпованың айтуынша, бәрі аяқ астынан болған. «Баланың кіндігін кескенде, қобалжығаным сонша өзім босанғандай күй кештім. Ең бастысы – бала аман, әрі дені сау болып туылды», – дейді Зәуреш Түсіпова.

Аман есен баласын қолына ұстаған Екатерина  Феттер де бақытты. «Бірінші кезекте баламды уайымдадым. Оның жағдайы қалай болады деп қорықтым. Бірақ бәрі сәтімен болды. Барлық пойыз қызметкерлеріне шексіз алғысымды білдіремін. Олар мынадай қиын жағдайда мені жалғыз қалдырмай, қолдан келген көмекті жасап жүгірді. Ұлым өскенде оның қалай дүниеге келгенін айтып беретін боламын», – дейді ол.

Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде баланың жағдайы жақсы, өздігінен дем ала алады. Жақында олар перзентханадан шығып, отбасымен қауышады. Міне, корпоративтік құндылық басты қағидасына айналған теміржолшылар ұлттық компанияның атын тағы да асқақтатып, өздерінің қызметтік қана емес азаматтық жауапкершіліктерінің жоғары екенін танытты.

Ұлан ОРАЗ