You are currently viewing ЖОЛДА ҚАЛДЫРМАДЫ

ЖОЛДА ҚАЛДЫРМАДЫ

  • Post category:Новости

Ел шығысындағы ақ түтек боран мен қалың қар толастар емес. Бұл әсіресе жол қатынасына ауырлық әкелуде. Жуырда семейлік теміржолшылар жолда қалған автобус жолаушыларына көмек көрсетті.

Апта соңында аймақтағы ауа райының қолайсыздығына байланысты 45 жолаушысы бар «Новосібір – Өскемен» бағытындағы халықаралық автобус Өскемен-Семей тас жолы жабық болғандықтан, айналма жол арқылы жүрген. Алайда Жарма ауданының орталығында жолдың жабық болуы себепті тоқтауға мәжбүр болды. Жолда қалған жолаушыларға жергілікті атқарушы органдар, полиция бөлімімен бірге теміржолшылар қауымы да көмекке келді. Жедел әрекет етудің нәтижесінде Ресейден келе жатқан жолаушылар іргелес орналасқан Жаңғызтөбе станциясына жеткізіліп, тиісті көмек көрсетілді. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты автожолдар жабылып, жолаушыларға теміржол арқылы жол жүру ұсынылған еді. Нәтижесінде Ресей Федерациясының азаматтары «рубль» ақшалай номиналдарын «теңгеге» ауыстырып, вокзалдан пойызға билет алып, сапарларын жалғастырды. Көршілес елдің жолаушыларына Жаңғызтөбе станциясының бастығы Азамат Нұрғалиев бастаған жергілікті азаматтар ыстық ас беріп, сол күні теміржол вокзалынан 45 жолаушыны жолға шығарып салды. Қазіргі таңда Абай облысында жолаушы және жүк қатынасында тек теміржол тораптары ғана штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

источник

Абай ЕРТІС,
Семей