Кәсіподақ қашан да жұмысшы мүддесін қорғаушы ұйым екені белгілі. Демек, ондай ұйымның басшысы жетекшілік етуге, яғни көшбасшы болуға қабілетті болуы тиіс. «Көшбасшы» деген ұғым анау-мынау адамның атына қосақталып айтыла бермейтіні аян, не сөзімен, не ісімен ықпал ете білетін жан болуы ләзім.
Біздің кейіпкеріміз сондай қабілетке ие. Өйткені, ол Атырау жүк тасымалы бөлімшесіне кәсіподақ ұйымының
төрағасы болып келген кезден бастап кәсіподақ ісіне жан бітті. Бұрын бұйығы жататын ұйым енді ашық түрде жұмыс
жасай бастады. Барлық шараларға бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шақырылады, жұмысшылармен кездесу
жиіледі, бетпе-бет жүздесу, дидарласу, жұмысшының мұң-мұқтажын тыңдау, оған заң және ұжымдық шарт шеңберінде
көмек көрсету жақсарды. Мәселен, Махамбет станциясында жұмысшылар қатынайтын автобус бұзылып қалған сәтте,
кәсіподақ ұйымы шұғыл араласып, бірнеше айға басқа автобуспен тасымалдауға мүмкіндік жасады. Пандемия
кезінде кәсіподақ тарапынан жұмысшылардың қауіпсіздік құралдарымен қамтылуы үнемі қадағаланып, сақтық
шараларына, еңбек заңдылығының сақталуына үлкен мән берілді. Бұл жұмысқа енді кірісіп жатқан жанға үлкен сынақтан өткендей кезең болғаны жасырын емес. Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кәсіподақ ұйымының төрағасы Нұрбол Нұрышев жаңа қызметіне 2019 жылдың күзінде Мақат станциясынан келген болатын. Жалпы, Мақатты үлкен теміржол мектебі деуге болады. Нұрбол да осы мектепте шыңдалып өскен маман. Ол 1982 жылы Қызылқоға ауданының Қарабау ауылында дүниеге
келген. 1995 жылы әкесі Таңатардың жұмыс бабына орай отбасы Мақатқа, дәлірек айтқанда 402-разъезге көшіп
келеді. Ойын баласының теміржолға деген қызығушылығы да осы кезде оянса керек. Мақаттағы №83 теміржолшылар мектебінде оқиды. Орта білім алған соң, 2001-2003 жылдары әскер қатарында болып Отан алдындағы борышын өтеп келді. Сосын Ақтөбе теміржол колледжіне оқуға түсті. Оны бітірген соң еңбек жолын станцияда оператор болып бастайды. Әрі қарай станция кезекшісі, техникалық бақылау бөлімінің бастығы, станциялық диспетчер, бас инженер қызметтерін абыроймен атқарады. Отбасылы, екі ұл, үш қызы бар. Бүгінде кәсіподақ жұмысын жандандырып, қоғамдық жұмыстың ұйытқысы болып жүрген белсенді жастың арқасында өңірде спорт шаралары, тренингтер, сайыстар жиі өтеді. Кәсподақтың бастамасымен бүгінде Мақатта спорттық алаң салынып жатыр. Ұжымдық келісімшартқа сәйкес әлеуметтік қоржын бойынша қызметкерлерге барлық көмек түрлері қарастырылып, төленеді.
Зейнеткерлерге тіс емдеу-салдыруға және кезекті еңбек демалыс кезінде жүріп-тұруына байланысты темір жол билеті үшін әлеуметтік көмектер көрсетілді. Қазірде зейнетке ерте шығу бағдарламасы бар. Ол да денсаулығы сыр берген адамдарға үлкен мүмкіндік. Сауықтыру шипажайларына жолдама, кәсіби мереке күніне орай әлеуметтік көмек беріледі. Теміржолшылардың 7-13 жас аралығындағы балалары жазғы лагерде демалуы – дәстүрге айналған шара. «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы бойынша әлеуметтік аз қамтылған балаға мектепке баратын сөмке оқу құрал-жабдықтарымен табыс етілуі де салтқа енген. Биыл 140 оқушыға сөмкеден бастап барлық мектеп оқу-құралдары, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларындағы 824 балаға 2 АЕК көлемінде ақшалай көмек берілген. Жалпы кәсіподақта жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр…
Адам баласының қуанышы мен қайғысы қатар жүреді. Әр отбасыда әртүрлі мәселе туындайды, не жеке басында, не жұмыс бабында түрлі жағдайлар болады. Нұрболдай кәсіподақ лидері болса соның бәрін шешу жолын таба білетіні сөзсіз.
Өйткені, оның табиғатына қол қусырып қарап отыру жат, кез келген мәселені оңтайлы шешуге, көмек беруге ұмтылады, жұмысшы мүддесіне сергек қарайды. Бұл – кәсіподақ басшысы үшін ең жақсы қасиет.
Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау