Қызылорда теміржол вокзалында өткен мерекелік шарада еліміздің Әнұраны шырқалып, аймақтағы жас теміржолшылардан құрылған топ перронда флешмоб ұйымдастырды.
Өнерлі жастардың «ҚР» және «25» секілді символикалық таңбаларды өрнектеген биін тамашалаушылар қатарында
жергілікті тұрғындар мен вокзалдағы жолаушылармен бірге жастарды қолдап келген Қызылорда ЖТ бөлімі бастығы
Батырхан Базарбаев, Магистральдық желі бөлімшесінің директоры Ибраким Басықараев, «Қазкөліккәсіп» ҚБ филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов, тағы басқа теміржол мекемелерінің басшылары мен кәсіподақ ұйымының
өкілдері болды. Перронда алдын ала әзірленген ақ дастархан ұлттық дәмнен қайысып тұр. Не жоқ дейсіз мұнда: құрт пен
май, қызылкүрең бауырсақ пен майға бөккен шелпек, жент пен майсөк, сырдың мәуесі мен тіл үйірер қауыны
мен қарбызы, шипалы шұбаты столды жайнатып жіберген. Сол сәтте перронға аялдаған №23 Алматы-Ақтөбе пойызының жолаушыларын ұлттық киім киген қыздар қарсы алып, дастарханнан дәм ауыз тиюге шақырды. Бұған дейін бірде-бір вокзалға аялдағанда мұндай қызықты кездестірмеген, мұндай қошеметті күтпеген жолаушылар айран-асыр таңқалып жатты. Ал бұның барлығы аймақ теміржолшыларының Республика күні қарсаңында теміржол көлігін қолданушы жолаушыларға жасаған құрметі болатын. Теміржолшылардың мүндай сый-құрметіне әбден риза болған жолаушы
халық шын жүректен алғыстарын жеткізіп, бір-бірін ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтап, мәре-сәре болысты. Сыр елінің бас қақпасы мерекелік көңіл-күйден толқып тұрды. Дәл осындай мерекелік шаралар Қазалы станциясының вокзалында да ұйымдастырылды. Онда да жолаушылардың ыстық ықыласына бөленген теміржолшылар алғысқа кенелді.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор