ӨНЕРТАПҚЫШТАР ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫ ЖОҒАРЫ!

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің ұйымдастыруымен рационализаторлық
белсенділікті арттыру мақсатында арнайы тренинг өтті.

Тренингтің мақсаты – өнертапқыштық белсенділікті арттыра отырып, техникалық шығармашылықты дамыту және сол
арқылы моральдық-материалдық тұрғыда ынталандыру. Шараға өңір темір жолындағы барлық құрылымдық бөлімшелердің техникалық ақпараттандыру мамандары қатысты. Өнертапқыштарға қолдау білдіріп, жұмыс орнында жағдай жасау маңызды. Ол жаңа жобаларды жүзеге асыруға, шығындарды оңтайландыруға, күнделікті жұмыс барысында өзекті жобаларды енгізуге мүмкіндік береді.
– Бүгінгі таңда бөлімше бойынша жоспарға сәйкес 33 өнертапқыштық ұсыныстың 15-і мақұлданды және бұл бағытта жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, күн сайын жаңалық бюллетендерін алып, оларды барлық құрылымдық бөлімшелерге шұғыл таратып отырамыз. Мекемелерге жиі барып жаңа ақпараттармен таныстырып, өнертапқыштық ұсыныстар беруге ынталандырамыз. Сайып келгенде мұның бәрі жаңа идеялардың туындауына ықпал етері анық, – дейді ғылыми-техникалық ақпарат бөлімінің жетекшісі Әйгерім Ниязова.
Тренинг барысында қатысушыларға рационализаторлық ұсынысқа өтінішті сауатты жазу, акт толтыру, ақпараттық карта жасақтау, т.б. туралы түсіндірілді. Егер рационализаторлық ұсыныс өндіріске енгізіліп, ол айтарлықтай экономикалық тиімділік әкелетін болса, онда өнертапқыштың 100 мыңнан 5 млн теңгеге дейін сыйақы алуға мүмкіндігі бар. Тиімді идеялар көп болған сайын, компания мен еншілес ұйымдардың шығындары оңтайланып, азаяды деген болжам бар. Ондай өнертапқыштардың рационализаторлық ұсыныстары қашан да қолдау тауып, авторлық құқықтары да қамтамасыз етіледі. Өздеріне қажетті тың мағлұмат алған тренингке қатысушылардың жаңа ұсыныстар ойлап табуға деген қызығушылықтары артты.

источник

Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Атырау

Суретті түсірген автор