ЕҢБЕКТЕРІ ЕЛЕНДІ!

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШСнің «Батыс» филиалында бір топ теміржолшыға «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның 25 жылдығына арналған мерекелік медалі, мінсіз адал қызметі үшін «Үздік маман», «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгілері тағылып, алғыс хаттар табысталды.

– Биылғы 10 айдағы жұмыс көрсеткішіміз жаман болған жоқ. Жүк тиеу жұмыстары жүз пайыздық көрсеткішті маңайлады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Атырау, Орал өңірлеріне жол салу жұмыстарына құрылыс материалдарын жеткізу жүріп жатыр. Қазір қыс мезгіліне қарамастан қиыршық тас тасу жұмыстары тоқтаған жоқ, – деді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының директоры Бөріхан Беркімбаев.
Марапаттау шарасына сала ардагерлері, станциялар мен локомотив қызметкерлері қатысты. Кез келген игі істің ұжымдағы ауызбіршілікті арттыра түсетінін айтқан ардагерлер еңбегі еленген әріптестерін құттықтап, жұмыста жеміс тіледі. 42 жылдық еңбек өтілі бар теміржолшы Төлеген Өтембаев «Кәсібі бойынша үздік» төсбелгісімен марапатталды. Теміржолшылар отбасынан шыққан тәжірибелі қызметкер еңбек жолын вагон қараушы болып бастап, кейін станция кезекшісі қызметіне ауысқан.
Осы қызметті мүлтіксіз атқарып келе жатқанына 32 жыл болыпты. «Әкем де, бауырларым да теміржолшы. Теміржол
бойында өскен соң басқа мамандық туралы ойламадық. Әке жолын қудық. Өкініш жоқ. Бұл – үлкен сала. Жауапкершілік жүгін арқалаған теміржолшылар мерейі өсе берсін», – дейді Темір станциясының кезекшісі Төлеген Өтембаев. Жиын соңында марапат алған теміржолшылар филиал басшысымен және ардагерлермен бірге естелік суретке түсті.

Источник

Ардақ ЕРУБАЕВА,
Ақтөбе

Суретті түсірген автор