Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясы Сексеуіл – Қоскөл, Сексеуіл – Жосалы станциялары аралығындағы СОБ, байланыс, радиобайланыс, КТСМ-02 құрылғыларына жауапты. Мекемеде құрылғыларға техникалық күтім жасап және оларды жөндеу жұмыстарымен айналысатын үш жүзге жуық маман бар.
Дистанцияның 10 айлық жұмыс қорытындысымен таныстырған техникалық бөлімнің жетекші инженері Жантөре Аманның мәліметінен қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға өз үлесін қосып отырған кәсіпорын тірлігі табысты екеніне көз жеткіздік. Құрметті теміржолшы Ғани Ысқақов басқаратын дистанцияға тиесілі 634,09 км телімдегі жоспарлы жұмыстар әрқашан кестеге сай атқарылып, міндеттемелер дер кезінде жүзеге асырылады. Мекемеде үш жүзден аса теміржолшы еңбек етеді. Дистанцияның алты телімінің жұмысын кідіріссіз жүргізіп отырған мамандардың дені – электромеханиктер.
Компания жобасына сәйкес 2019 жылдан бастап 2021 жылға дейін дистанция көлемінде ауқымды жұмыс жүргізілген. Дистанцияға 272 дана Р-80 Альстом типті электрлі жетегі беріліп, бұрмаларға орнатылған заманауи қондырғы бүгінде мүлтіксіз жұмыс істеп тұр. Ал биылғы он айлық жоспар бойынша өндіріске бөлінген материалдар мақсатты игерілген. Дистанцияның биылғы кешенді жоспарына сәйкес техникалық құралдардың сенімділігін арттыру бойынша инженерлік-техникалық іс-шаралар жүргізілуде. Мәселен, қарама-қарсы бағыттағы пойыздардың телімдерден еш кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, жұмыстың сапалылығын арттыру үшін және реле құрылғыларының санын азайтып экономикалық тұрғыда тиімді болуы үшін Төретам – Диірментөбе станциялары аралығында шалқарлық жобамен жұмыс жасалды.
Еңбекті қорғау жағдайын жақсарту арқылы мамандардың денсаулығын сақтау және техникалық қауіпсіздік мәселесіне дистанцияда айрықша көңіл бөлінеді. Еңбек қорғау бойынша жауапты қызметкер, жетекші инженер Әлібек Өтениязов жұмысшы қызметкерлердің уақытылы қорғау құралдары мен арнайы киімдермен қамтамасыз етілуін қадағалайды және дер кезінде қауіпсіздік нұсқамаларды аса сауаттылықпен таныстырып отыратын білікті маман.
– Жалпы, өткен жылы да, биыл да дистанцияда еңбек тәртібін бұзу және өндірісте жарақат алу оқиғасы тіркелмеді, – дейді техникалық бөлімінің жетекші инженері Жантөре Аман.
Дистанциядағы күрделі жұмыстардың бірі – Сексеуіл – Қоскөл учаскелерін диспетчерлік орталықтан басқару жүйесіне қосу жұмыстары. Осы жобаға жетекшілік жасап отырған дистанция бастығының СОБ жөніндегі орынбасары Жанболат Досжанов РТУ телімінің бастығы Ерсайын Сұлтанов ең бастысы техникалық күтім дейді, айтуынша құрылғылар сапасы күтімге байланысты. Күтім жақсы болса ешқандай ақау да, апат та болмайды.
Ал жиырма жыл дистанцияға жетекшілік етіп келе жатқан Ғани Ысқақов СОБ телім бастықтары Оралбай Пазылбеков пен Жасұлан Қартабаевтың, инженерлік топтан Жадырасын Беймбетов, СОБ-Кип аға электромеханигі Нұрлан Бурашов, СОБ электромеханиктері Дөнес Кунебаев, Патима Жасекенова, Гафур Айдарбеков, Қайрат Ибрагимов, Бөгенбай Молжігітов, Еркін Сейтмұратов, Идіріс Мұсаев және Жамихан Дарибаев, Мұхит Тлепбергеновтің ерен еңбектерін ерекше атап өтуді сұрады.
Өткен жылы дистанция қызметкерлеріне 1 тұрғын үй типті модульді контейнер беріліп, Ордазы бекетіне қойылған ол жергілікті жұмысшылардың қажетіне жарап отыр. Биыл да басшылықтың араласуымен тағы да 3 тұрғын үй модулі алынып, дистанцияға қарасты Сексеуіл – Қоскөл аралығындағы № 10,11,12 бекеттерге орналастырылған. Жұмысшылар үшін ол демалыс орны, жатын орын қызметін атқарып отыр.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қазалы
Суретті түсірген автор