ТАСТАЯҚТЫҢ ШЕБЕРІ!

Жамбыл темір жолында қандай да бір мәдени, спорттық, қоғамдық немесе қайырымдылық шаралардың бел орта- сынан табылатын бөлімше кәсіподағы ұйымының сарапшысы Серік Наурызбаев – ортасына сыйлы, ұжымда беделді азамат. Ал оның тастаяқ ойнаудағы шеберлігіне көпшілік тәнті.

Серік Кенжебайұлы еңбек жолын Қазалы станциясында бастап, алдымен материалдық базада кейін Қазалы вагон жөндеу депосында 2009 жылға дейін еңбек етеді. Ал 2010 жылы Тараз қаласына қоныс аударып, осындағы Жамбыл вагон жөндеу депосында еңбек жолын жалғастырады. 2014 жылы кәсіпорын қызметкерлері Серік Наурызбаевтың ұйымдастырушылық қабілетін бағалап, оны кәсіподақ цехының төрағалығына сайлады. Ал 2017 жылдан Жамбыл бөлімшесі кәсіподақ ұйымында сарапшы. Содан бері кәсіподақ жұмысын жандандыруға атсалысып, талай игі істерге ұйытқы болып келеді. Әсіресе түрлі спорттық жарыстарды ұйымдастыруда Серік Кенжебайұлының тәжірибесі жетерлік. Өзі де спортпен тұрақты айналысады, сүйікті ойыны – тастаяқтың хас шебері. Ұлттық компания бойынша аймақтағы кәсіпорындар арасындағы бильярд ойыншыларының үздіктері қатарында. Тараз қаласы бойынша чемпион. Серікпен жекпе-жек шығу үшін оны арнайы іздеп келетін ойыншыларды да талай көрдік. Әрине, ондайда «бәс» тігіледі. Теміржолшылар «бәс» тігілді дегенше «бас» тігілді десеңші» деп, Серіктің жанкүйері болуға асығады…
– Бильярд ойыны аса үлкен тактиканы, мұқият әдіс-тәсілді және шеберлікті қажет етеді. Кейде, ойыншының психикалық ахуалы да әсер етуі мүмкін. Ойын барысында бильярд үстелін айналып жүріп, бірнеше шақырым жүріп тастағаныңды да байқамай қаласың, – дейді кейіпкеріміз.
«Локомотив» спорт клубының нұсқаушысы Аманкелді Байходжаев: «Серік – жамбылдық теміржолшылардың мақтанышы.
Ол теміржолшылар арасында өткен тастаяқ ойындарында бөлімше намысын қолдан берген емес. Бүгінде тастаяқ ойнайтын бірқатар жастар Серіктің шәкірті болып, одан шеберлік сабақ алуда», – дейді.


Ерман ӘБДИЕВ, Тараз
Суретті түсірген автор