Атырау жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты мекемелерде биыл 105 теміржолшы алғашқы қысын қарсы алып отыр. Теміржол саласына жұмысқа кіргеніне әлі жыл толмаған жандар қатал маусымда қалай жұмыс істеп жатыр?
Бөлімшедегі еңбек қорғау және қауіпсіздік бөлімінің бастығы Салтанат Нұрсұлтанованың айтуынша, биыл алғашқы қысын қарсы алып отырғандардан 50 теміржолшы станция-разъездерде, вагон жөндеу депосында – 21, Атырау және Мақат локомотив пайдалану деполарының әрқайсысында 21-22 адамнан бар.
– Оларға орта және аға буын қызметкерлер жұмыс бағытын, еңбек қауіпсіздігін көрсетіп, ақыл-кеңес беретін үйретуші
мамандар бекітіліп берілді. Жас мамандар техникалық сабақтан үнемі өтіп тұрады, қысқы-жазғы арнайы киім мен қорғаныш құралдарымен жүз пайыз қамтылған. Әркім қысқы жағдайда еңбек орнында өзін қалай ұстауы қажеттігін, еңбек процесін қалай жүзеге асыруды біледі, – дейді ол. Солардың бірі – Атырау станциясында белгі беруші болып еңбек жолын бастаған Қуақбаев Әділетті жұмыс орнында жолықтырдық. Қаз АТК-ны тасымалды ұйымдастыру және қозғалысты пайдалану мамандығы бойынша бітірген жас маман еңбек жолын ең соңғы баспалдақтан бастаған.
– Станцияға келген вагондарға башмак саламын, вагон нөмірлерін жазып, құжаттарын өткіземіз. Бізге міндетті болмағанымен радиобайланыс бар. Негізі станциядағы дыбыскүшейткіш арқылы тапсырма аламыз. Жұмысқа төселіп қалдым. Бір күн, бір түн ауысымда болып, екі күн демаламын. Техникалық сабақ аптасына екі-үш рет өтіп тұрады. Киім-кешекпен, керек-жарақпен жүз пайыз қамтылдық. Суықта тоңатын жағдайымыз жоқ. Жылынып алатын жер де бар. Өзім қалаған мамандық болғасын маған бәрі қызық, бәріне төземін, үйренемін, – дейді алғашқы қысын өткізіп жатқан Әділет.
Вагон қараушы Қонысбай Есеналиев те биыл алғашқы қысын қарсы алып отыр екен. «Жұмысқа кіргеніме көп болмағанмен, төселіп қалдым. Үйретуші ұстаздарыма, аға буын ағаларға рахмет» дейді ол. Ал машинист Қадыров Амангелді Атырау локомотив пайдалану депосында еңбек етеді. Бұған дейін көмекші болған ол жуырда тепловоз тізгінін өз қолына алыпты. «Биылғы қыс мен үшін ерекше болғалы тұр. Өйткені машинист ретінде бірінші қысымды қарсы алып тұрмын. Көмекші болған кезде көп уайымдамайтын едім, ал енді өзің тепловозбен, қарлы дала, қилы жолмен бетпе-бет қалғандағы жауапкершілік жүгі ауыр болады екен. Сондықтан сенім үдесінен шығуға тырысамын» дейді ол. Біз кездестірген «первозимниктердің» қай-қайсысы да өз жауапкершілігін сезініп, бірі тепловозды шұқылап, енді бірі башмактарды әзірлеп, үшіншісі вагондар автотежегішінің дұрыстығын тексеруде. Әрине, түптеп келгенде бәрінің де көздегені – қозғалыс қауіпсіздігі. Сондықтан олардың еңбегі жемісті болсын деп тілейміз.
Қосұйым МҰҚАШЕВ,
Атырау
Суретті түсірген автор