Вы сейчас просматриваете ҚАР ҚҰРСАУЫНАН ҚҰТҚАРЫЛДЫ

ҚАР ҚҰРСАУЫНАН ҚҰТҚАРЫЛДЫ

Жыл басында Жуалы ауданының таулы аймақтарына қар қалың түсіп, бірнеше күн қатты дауыл соқты. Жолда қалған жолаушылар діттеген жеріне жету үшін жылдағыдай темір жолға жетіп алуға тырысты. Ал теміржолшылар бірі батысқа, бірі шығысқа жол тартқан жолаушыларды дүлей боранның құрсауынан шығарып, пойыздарға отырғызды.

Түркістан облысындағы таулы аймақта орналасқан Түлкібас станциясының ұжымы үшін бұл сын сағаттар еді. Станция
бастығы Нематилла Тойшыбаевтың айтуынша, бұл – жыл сайын табиғаттың төтенше жағдайында қайталанатын құбылыс, сондықтан жергілікті теміржолшылар үшін бәрі алдын ала дайындалған, тек жедел іс-қимыл, әрекет қажет. Өткен бір аптада станцияға аялдаған 8 пойызға жан-жақтан жиналған 135 жолаушы отырғызылған.
– Атап айтқанда, біздің станцияға 1,5 сағатқа кешігіп келген №86 пойызға 60 жолаушыны Таразға дейін отырғыздық. Ал оған дейін Атырау мен Алматы арасында қатынайтын пойызға – 40 адам, Шымкент – Алматы пойызына 30 жолаушыны жайғастырып, сапарын әрі қарай жалғастыруына көмектестік, – дейді Нематилла Ергашбекұлы.
Айтуынша, жаңа жыл мерекесінен кейінгі жайсыз ауа райы салдарынан Жамбыл облысының Жуалы ауданы мен Түлкібас ауданы шектесетін тұстағы таулы аймақтан өтетін автокөлік жолы жабылған. Мұндайда теміржолшылар қауымы табиғаттың тосын мінезінен туындайтын зардап-залалдың алдын алуға кіріседі. Түлкібас вокзалында жолда қалған жолаушылар үшін арнайы ыстық шәй ұйымдастырылып, өзге де қолайлы жағдайлар жасалуда.
Бауыржан Рысқұлбекұлы, Тойлыбай Тұрсынәлиев, Жазира Жарылқапова, Әнипа Қалманова, Гүлжамал Қожабаева
сынды станция қызметкерлері апта бойы осы істің басы-қасында жүр.

источник

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Шымкент

Суретті түсірген Ерман ӘБДИЕВ