ШАҢҒЫШЫЛАР САП ТҮЗЕП…

  • Post category:Новости

Ақтөбелік теміржолшылар қысқы спорт түрлерінен жарыстарға белсене қатысып жатыр. Биылғы қалың қар әсіресе шаңғы спорты үшін аса қолайлы болып тұр.

Өткен демалыс күні барлық теміржол мекемелерінің қатысуымен қала сыртындағы демалыс аумағында шаңғыдан жарыс өтті.
Оған жергілікті теміржолшылармен қатар бұқаралық спорт түрлерін дамытуда қашан да белсенділік танытып, саптың алдында жүретін сала ардагерлері де қатысты. Қатысып қана қоймай, аға буын өкілдері оқ бойы алға шығып, жүлделі орындардан көріне білді.
– Табиғат аясында бірінші тыныс алу гимнастикасын жасап, дене қыздырып алдық. Кейін қаз-қатар сапқа тұрып, шаңғымен жарыс жолына түстік. Аппақ қар жамылған жазық далада таза ауамен тыныстап, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалдық.
Қатысушылардың ынтасы мен көңіл-күйлері күннің шытымыр аязына қарамастан өте жоғары болды. Спорттық шараны ұйымдастыруға атсалысқан әр мекемедегі кәсіподақ ұйымдары белсенді теміржолшыларға алғыс айтып, көңілді тарастық, – дейді бөлімшенің спорт нұсқаушысы Нұргүл Батырхан.

Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе