Аналарды ардақтау – асыл дәстүр!

8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында «ҚТЖ-Жүк тасымалы» «Қызылорда бөлімшесі» филиалында мерекелік бас қосу өткізіліп, онда озат, әрі үздік қыз келіншектерге марапаттар ұсынылды.
Бөлімшенің мәжіліс залын безендірген ерлер қауымы әрбір орындыққа үрленген шарлар қойып, әсем әуеннің ырғағында ұжымның қыздарын қарсы алып, оларға раушан гүлдерін ұсынды.
Жиын басында сөз алған «ҚТЖ-Жүк тасымалы» «Қызылорда жол бөлімшесі» филиалының бас инженері К.Белкібаев, «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» қоғамдық бірлестігі Қызылорда филиалының төрағасы Б.Ахметов, НОДГП-10 бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Көпірбаевтардың құттықтауынан кейін теміржол қызметінің өсіп-өркендеуіне ерен үлес қосып жүрген озаттар марапатталды. Олардың қатарында қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің әлеуметтік-еңбек қатынастары жөніндегі инспекторы Алпысбаева Шамшагүл, есеп бөлімінің жетекші бухгалтері Байсиғұлова Бахыткүл, өндірістік бөлімінің өндірістік оқыту шебері Қалымбетова Базаркүл, техникалық бөлімінің жетекші инженері Куликова Жанат, Қызылорда стансасының жүк және коммерциялық жұмыстар шаруашылығы кеңсе бастығы Мусаева Гүлнар, есеп
бөлімінің жетекші бухгалтері Селина Елена Николаевналарға бөлімше бастығы мен кәсіподақ ұйымы төрағасының құрмет грамоталары табысталды.
Арнайы шақырылған жүргізушінің марапаттау рәсімдері арасындағы викториналық сергіту сауалдарына жауап берген қыз-келіншектерге де арнайы сыйлықтар тапсырылып, сонымен қатар аналарға арналған ән-жыр әуеледі.
Қымбатты ұстаз-аналар, арулар! Көңілдеріңізге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8-наурыз халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек. Олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім,алғыс пен құрмет ешқашан да сөнбек емес. Әйел-Ана өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі. Мынау
тынымсыз тіршілік пен кең дүниенің өзі тек аналармен ажарлы. Бүгінгі арайлап атқан нұрлы таңмен бірге әрбір сәби жүрегі Ана деп соқса, бүгінгі мерекелік кешіміз де аналарға арналады.

Біз ғана емес, қадір тұтқан бабалар
Аналардан туған небір даналар
Ана деген тіршіліктің тірегі
Армысыздар қасиетті аналар…

дей отырып, Сіздерге әрқашан мықты денсаулық пен қызметте зор абырой мен қажымас қайрат тілейміз. Бүгінгі қыз-келіншектер мерекесі тағыда құтты болсын, – деп құттықтау лебізін білдірді кәсіподақ ұйымының төрағасы М.Көпірбаев.
Мерекелік бас қосу кезінде бөлімше қызметкерлерінің ұл-қыздары өз өнерлерін ортаға салып, әсерлі жиынды айшықтап, әсем әннен шашу шашып, жиналғандардың құрметіне бөленді.

«ҚАЗКӨЛІККӘСІП» ҚБ Қызылорда филиалы