Маңғыстау қосалқы бөлімі кәсіподақ ұйымының конференциясында өткен жылғы жұмысы туралы есебі мен ұжымдық шарттың орындалуы қаралды. Сонымен қатар өткен жылғы кәсіподақ жарнасының жұмсалуы бойынша тексеру комиссиясының баяндамасы тыңдалды.
Бүгінде кәсіподақ ұйымына мүше теміржолшылар саны 1893 адам. Онда 9 өндірістік кеңес, 10 техникалық инспектор, 17 цехтық, 20 топтық кәсіподақ ұйымы жұмысшылар мүддесі үшін қызмет етуде. Жиын барысында белгілі болған жақсы жаңалықтардың бірі аталған мерзім ішінде жұмысшылардың бірде-бірі жұмыстан қысқартылмағанын және жұмысшылардың тарифтік мөлшерлемесі біржолғы көтерумен теңестірілгенін ерекше атап өтуге болады. Яғни төмен жалақы алатын қызметкерлердің табысы айтарлықтай өскен. 2-9 разряд аралығындағы жұмысшылардың жалақысы 40 мың теңгеге, 10-13 разряд аралығында 35 мың теңгеге, ал 14-19 разрядтар үшін 30 мың теңгеге көбейген. Жұмыс өтіліне байланысты қызметтік жалақы мөлшері қайта қаралып, жұмысшылардың жалақылары қайта есептелген. Былтырғы 1 шілдеден және 15 қазаннан бастап, бұрыннан қалыптасқан аймақтық «учаскелік» коэффиценттен облыстық коэффицентке сатылы түрде өткізілген. Нақтылай түскенде бір облыс ішінде бірыңғай аймақтық коэффицент қолданылатын болған.
Жұмысшылар игілігі үшін жүзеге асырылған осындай әлеуметтік маңызы ерекше мәселелер жайын қозғаған кәсіподақ төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов осы мерзім ішінде ұжымдық шарттың орындалысын бақылап, жұмысшылардың өтінішін, талап-тілектері жүзеге асуы үшін мүмкіндікке сай жұмыс істегендерін атап өтті.
– Ұжымдық шарттың орындалуы, еңбек заңдылықтарының сақталуы, еңбек қорғаудың ұйымдастырылуы, кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағынан қорғалуы басты назарда ұсталды. Оның ішінде үлкен цехтық ұйымдар мен топтық кәсіподақ ұйымдары, сондай-ақ ұжымдық шарт міндеттерін мінсіз орындауы тиіс кадр, есеп, экономика бөлімдерінің жұмысы комитет бекіткен жылдық жоспарға сай тыңдалып келді. Комитет жыл сайын шағын станция мен бекеттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жайлы анықтама-талдау дайындап, орындалысы туралы тиісті орындарға жеткізіп келеді.
Жалпы кәсіподақ комитеті жұмысшылардың уақытылы еңбек демалысына шығуын, жеке еңбек шартының бұзылмауын, тәртіптік шараның орынды берілуін қадағалайтыны белгілі. Рас, 2022 жылы жұмысшылардың уақытылы еңбек демалысына шығуында өндірістік жұмысқа орай ауытқушылықтар кездесті, ол уақытында қаперге алынды.
Жұмысшы-қызметкерлерге де қолданылатын тәртіптік шараның заң шеңберінде берілгені қадағаланды, – деді өз сөзінде кәсіподақ жетекшісі.
Өткен жылы бөлімшенің жалпы шаруашылық шығыны 272 млн теңгені құраған.
Олар балалар лагеріне жолдама үшін, жұмысшылардың теміржол көлігіндегі жол жүру шығыны, 8 наурыз мерекесіне орай қыз-келіншектерге біржолғы сыйақыға, мерейлі жасқа толған теміржолшыларға салалық жәрдемақы үшін, ерте зейнетке шығу төлемақысы, сауықтыру шипажайлары мен балалы болғандарға, үйленгендерге, зейнеткерлер мен мүгедек жандарға, қайтыс болғанда берілетін жәрдемақы, т.б. жұмсалған.
Аймақтағы жұмысшылар еңбек қорғау бойынша көрнекі құралдармен, радиостанциялармен, жұмыс орындарында салқындатқыш, жылытқыш, қысқатолқынды пеш, электр шәйнектері секілді жабдықтармен және жеке қорғау құралдарымен, арнайы жұмыс киімдерімен мүмкіндігінше қамтылған. Сонымен қатар есептік кезең ішінде кәсіподақ ұйымы шалғай, шағын станция, бекеттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлары жөнінде анықтап, талдау жасаған. Бұл бағытта кейбір шешімін күткен әлеуметтік-тұрмыстық, өндірістік мәселелер Орталық Кеңеске жолданып, оң нәтижеге қол жеткізілген. Айта кетсек, бастауыш мектебі ғана бар №10 бекетте тұратын теміржолшылардың СайӨтес станциясындағы мектепке қатынайтын балалары үшін ай сайын Ұжымдық шартқа сәйкес жолақысы төленетін болған. Ал ауысыммен кезекшілікке келетін жұмысшылар мен Сай-Өтес мектебінде оқитын оқушылар үшін «Маңғыстау-Ақтөбе» пойызының тоқтап, ала кетуіне қол жеткізу – кәсіподақты алаңдатып отырған басты мәселелердің бірі.
Бұл жайында тиісті орындарға хабарланып, шешімі күтілуде екен.
– Сондай-ақ алдағы уақытта Болашақ станциясындағы теміржолшылардың тұрғын үйлерін жекешелендіруді жергілікті әкімшілікпен бірлесіп шешу, Жаңаөзен қаласынан теміржолшылардың жұмыс орнына жету үшін қоғамдық көліктің жоқтығы, т.б. мәселелер кәсіподақтың күн тәртібінде тұр, – дейді кәсіподақ төрағасы Ә.Тұрмағанбетов.
Конференцияда айтылған басқа да ұсыныс-тілектер қаперге алынып, хаттамаға енгізілді. Жалпы кәсіподақ жұмысына оң баға берілді
Шахида ЖҰМАН,
Маңғыстау