You are currently viewing СУРЕТ АЙМАҒЫ АШЫЛДЫ

СУРЕТ АЙМАҒЫ АШЫЛДЫ

  • Post category:Новости

«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас ғимаратындағы Теміржолшылардың орталық музейінде жаңадан суретке түсу аймағы пайда болды. Бұл аймақтан орын тапқан дүниенің бірі – 80 жылдық тарихы бар орындық.
Қабырғада сонау бір жылдары теміржолшыларға үзіліссіз қызмет етіп, дамыл таппаған қабырға телефонын көруге болады. Кім білген, кезінде бұл сұр телефон талай апаттың алдын алуға, пойыздардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға, басқа да шұғыл мәселелерді шешуге септігін тигізген шығар. Ал оның жанында ілінген балға вагон қараушыларға талай ақауды анықтауға көмектескені анық. Бұл екеуінен жоғары орналасқан белгі беру құралы, қол шам сынды құралдар да өткен күндер шежіресінен сыр шертеді. Ал орындық жанында тұрған жез қоңырау бар құпиясын бойына жиып, маңғаз тұр.
– Бұл қоңырау Түрксіб теміржолы салынғанда қызмет еткен, осы мұражай ашылғанда Құрметті теміржолшы Асқар Сәрсембековтің атсалысуымен Көксу станциясынан әкелінді.
Сексен жыл болған мына орындық та сол кісінің қолдауымен келген болатын. Бұл орындықтың не кереметі бар дейтін болсаңыз, ол тұнып тұрған тарих. Кезінде басшылар қазіргідей шалқайып, көтеріліп, түсірілетін жұмсақ креслода емес, осындай қатты орындықта отыратын болған. Кезінде кімдер отырмады дейсіз бұл орындыққа, – деді сурет аймағының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Орталық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, Құрметті теміржолшы Берік Айтбеков.
Сұлугүл БАКЕСОВА
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК