Вы сейчас просматриваете «ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК» ЖЫЛЫ АЯСЫНДА

«ҚАУІПСІЗ ЕҢБЕК» ЖЫЛЫ АЯСЫНДА

Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы биылғы жылды «Қауіпсіз еңбек» жылы деп жариялап отыр. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Защита станциясында осы тақырыпқа орай ауқымды семинар өткізуді жоспарлап отыр.

Екінші тоқсанның басында өткізілетін жиынға тек теміржол бойынша ғана емес, шығыс өңіріндегі өзге салалардың да кәсіподақтарынан өкілдер қатысады.
Семинар тақырыбы, айтып өткеніміздей, еңбек қорғау және қауіпсіздік. Кәсіподақтың еңбек қорғау жөніндегі бас техникалық инспекторы Қайрат Мұқановтың айтуынша, Защита торабы өте ауқымды, оған ірі теміржол мекемелерімен қатар «Досжан темір жолы» АҚ, «СпецСервис-Курылыс» ЖШС кіреді, кәсіподақтың 2300-ден астам мүшесі бар.
– Семинарға өңірдегі осы барлық мекемелердің кәсіподақ өкілдері мен қауіпсіздік бойынша жетекші инженерлері қатысады. Мен өндірістегі еңбек қауіпсіздігі тақырыбында баяндама жасап, теміржолдағы жазатайым қайғылы оқиғаларға байланысты зерттеу жұмысына кәсіподақтың қатысуы бойынша сөз сөйлеймін. Былтыр өндірісте болған 21 қайғылы оқиғаны зерттеуге кәсіподақтар қатысты.
Зерттеу барысында кәсіподақтар қандай қателіктерге жол бермеуі керек. Соның барысында жәбірленуші тарапқа қандай өтемақы төленетіні белгілі болады. Сонымен қатар жұмыс орындарын аттестациялау процесі кезінде кәсіподақ өкілдерінің қызметі қандай болуы керектігін де айтамыз. Себебі аттестациялау кезінде жіберілген қателіктер алдағы уақытта теміржолшының дұрыс еңбекақы алмауына әкелуі мүмкін, – дейді Қ.Мұқанов.
Екі күндік семинар мақсаты – өндірісте жарақат алу қатерінің алдын алу. Айта кетейік, «Қазкөліккәсіп» ҚБ Защита торабының ауқымы кең, өкілдік құрамына 7 бастауыш кәсіподақ ұйымы кіреді. Локоть – Шемонаиха – Өскемен-1 – Алтай – Риддер телімдеріне қызмет көрсететін Защита торабы Ресейдің Батыс-Сібір теміржолымен шектеседі.

Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ,
Астана