Ұлыстың ұлы күнін Атырау жүк тасымалы және магистральдық желі бөлімшелері кең көлемде атап өтті. Атырау, Мақат, Ганюшкино,
Аққыстау станцияларында, Исатай-Махамбет орталық алаңында, Вокзал маңы шағын ауданында теміржолшылар үй тігіп, ұлттық мерекені бұқара халықпен бірге тойлады.
Жаппай ұлттық киім киіп шыққан теміржолшылар спорттық сайыстарды тамашалап, кір тасын көтеру, асық ату, арқан тартысудан жарыс өткізілді.
Жастар алтыбақан тепті. Ардагер-теміржолшылар наурыз көже, бауырсақ, қуырдақ, құрт, ірімшік, қазы-қарта, жал-жая секілді ұлттық тағамдардан дәм татып, ақжарма тілектерін арнады. Теміржолшылар бір-бірімен көрісіп, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын», «Жылдан аман, айдан есен», «Жаңа жыл құтты болсын» айтысып, мәре-сәре болысты.
Наурыз мерекесін үлкендер ғана емес,балалар да сезінді. Атырау магистральдық желі бөлімшесінің мамандар бөлімі кәсіподақ ұйымымен бірлесіп өрт сөндіру және қалпына келтіру пойызы ұжымына барып, бұл жолы үлкендерге емес, балаларға сыйлық берді, тәтті-дәмділер салынған қоржыннан барлық ұжым мүшелеріне бала санына қарай үлестірілді. Мұндай шара Мақат станциясы басындағы ұжымдарда да өтті. «Жаңа жылда сыйқапшық алатын балаларымыз оны Наурызда неге алмасқа деп осындай сый жасадық» дейді кадр бөлімінің бастығы Анар Жалғасбаева.
Суреттерді түсірген автор