Биылғы 13-18 наурыз аралығында Оңтүстік Африканың Йоханнесбург қаласында өткен халықаралық Көлік федерациясының (ITF) конференциясына «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев бастаған қазақстандық делегация да қатысып қайтты.
Айтып өтейік, Халықаралық көлік Федерациясы (ITF) – бүкіл әлем бойынша 18 миллионнан астам көлік секторы қызметкерлерінің мүддесін білдіретін 147 елдегі 670 көлік кәсіподағын біріктіретін беделді халықаралық демократиялық жаһандық ұйым. «Қазкөліккәсіп» ҚБ 2014 жылы халықаралық Көлік федерациясына кірген.
ITF – кәсіподақтардың ең ірі халықаралық бірлестіктерінің бірі болып табылады. Халықаралық еңбек ұйымында үлкен беделге ие, онда ITF көлік саласы қызметкерлерінің мүдделерін қорғайды. ITF мүшесі болу ынтымақтастық географиясын едәуір кеңейтуге және халықаралық кәсіподақ қозғалысы жинаған бай тәжірибені пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ITF үлкен ақпараттық жұмыс жүргізеді, әлемнің басқа елдері мен аймақтарында көлік саласын дамыту мәселелері бойынша кәсіподақтарға ұсыныстар береді, көлік кәсіподақтары құрылымдарындағы демократиялық процестерді дамытуға бағытталған тренингтер өткізеді, кез-келген елде көлік кәсіподақтары ұйымдарының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі өзара іс-қимылын ұйымдастырады, жұмыс берушілер немесе Үкімет алдында мүдделерін қорғайды.
Йоханнесбургте өткен конференцияға 90 елден 185 ұлттық кәсіподақтан 500-ге жуық делегат қатысты. Олар бес күн ішінде теміржол, автомобиль және қалалық көліктің алдында тұрған әртүрлі өзекті мәселелерді, соның ішінде қаржыландыру, көлік саласындағы қызметтерді қысқарту, жекешелендіру және көміртексіздендіру мәселесін, сондай-ақ өмірлік маңызды саланың болашағы туралы шешім қабылдау процесінде көлік қызметкерлерінің ұстанымын нығайту стратегияларын талқылады.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы, қазақстандық делегация басшысы Оразғали Ахметбаевтың айтуынша, мұндай ұйымға мүше болу және маңызды іс-шараға қатысу – Қазақстанның көлік саласы қызметкерлерінің мүдделерін әлемдік аренада ілгерілетудің қуатты құралы болмақ.
– «Қазкөліккәсіп» ҚБ халықаралық Көлік федерациясына 2014 жылы кірді дедік. Содан бері біз олардың өкілдерімен Халықаралық еңбек ұйымы (МОТ) және Теміржолшылар кәсіподағының халықаралық конфедерациясы(МКПЖ) өткізетін түрлі алаңдар мен іс-шараларда кездестік, келіссөздер жүргіздік, тәжірибе алмастық. Айта кетейін, бұл ұйымның жұмысы, оның Жарғысы бүкіл әлемдегі, соның ішінде біздің еліміздегі кәсіподақ қозғалысының жұмысы негізделетін мақсаттар мен міндеттерге сәйкес келеді.
Мәселен, адам құқықтарын сақтау үшін күрес, әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық прогреске негізделген бейбітшілік үшін күрес, ұйымның құрамына кіретін кәсіподақтарға өз мүшелерінің мүдделерін қорғауға көмектесу т.т. Сонымен қатар, ITF зерттеулер жүргізеді және ақпараттық қызмет көрсетеді, қиын жағдайларда көмек көрсетеді. Конференция мен онда өткен сессиялардың тақырыбы аса ауқымды болды. Мәселен, автомобиль көлігі қызметкерлеріне арналған секцияның бірінші күні делегаттар алдында ITF Бас хатшысы Стивен Коттон, Оңтүстік Африка Көлік және сабақтас жұмысшылар одағының (SATAWU) Президенті Нтусузело Мхлубулвана, Оңтүстік Африка Металлургия және сабақтас салалар жұмысшыларының ұлттық одағының (Numsa) Президенті Андрю Чирва және басқалар сөз сөйледі, – деп әсерімен бөлісті қазақстандық делегация басшысы.
Айтуынша, қазақстандық көлік кәсіподақтары ITF-пен байланысты одан әрі нығайтып, ынтымақтастықты кеңейтуге, тәжірибе алмасу мен кәсіподақ активін оқыту шеңберінде бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға мүдделі.
– ITF құрамына кіретін басқа көлік кәсіподақтарының қызметі туралы ақпарат алмасу бойынша өзара іс-қимылды жақсартуды жоспарлап отырмыз. Кешегі конференцияда біздің делегация автомобиль және теміржол секторлары секциясының жұмысына қатысты. Әр бөлімнің өз күн тәртібі болды, бірақ олардың бәрін теміржол және автомобиль өнеркәсібі алдында тұрған қиындықтарға қарсы тұру мәселесі біріктірді. Маңызды салалардың болашағы туралы шешім қабылдауда көлік жұмысшыларының ықпалын нығайту стратегиясын әзірлеу қызу талқыланды. Қаралған әрбір мәселе бойынша ұсыныстар немесе қарарлар қабылданды, олар бұдан әрі атқару комитетінде және ITF Конгресінде қаралуы тиіс, – деп түйіндеді сөзін О.Ахметбаев.
Меруерт ЕСЕНБЕКОВА,
Астана