Жазғы жол жөндеу жұмыстары Семей магистральдық желі бөлімшесі бойынша басталып кетті және ол мейлінше қарқынды өтуде. Биыл ел шығысында алғаш рет көлемі 85 шақырымды құрайтын күрделі жөндеу жүзеге асырылмақ.
Осыған дейін бірнеше жыл бойы Ақтоғай мен Аягөз, Үшбиік-Қарақойтас станциялары аралығында ауқымды қызу жұмыс жүргізіліп, желі бойы толықтай темірбетонды шпалдарға ауыстырылған болатын. Ол жұмысты Аягөз жол дистанциясы жүргізді.
Енді міне биыл бұл «эстафетаны» аягөздіктер Жаңа-Семей жол дистанциясына өткізді.
Осылайша, жол шаруашылығының білікті маманы Қанат Абдуғалиев жетекшілік ететін ПЧ-40 мекемесі байырғы Жарма дистанциясына тиесілі аймақта қызу жұмыс жүргізіп жатыр.
– Биылғы көзделген меже – 67 800 шақырымды құрайтын телім бойын толықтай жаңалап шығу. Қапанбұлақ пен Нарбота станциялары аралығында үлкен жұмыс жүргіздік. Басты меже – Суырлы қумажолына дейінгі аралықты толық қамтып үлгеру.
Әзірге жұмыс барысында ешқандай кедергі жоқ. Араға бір күн салып, көлемі 1 200 шақырым болатын жол табанын жаңалауға мүмкіндік алып отырмыз. Осы қарқыннан жаңылмасақ, ұзамай діттеген межеге жететін боламыз, – дейді Қанат Рысқалиұлы.
Жуырда жаңасемейлік жолшылар Қапанбұлақ станциясы бойынша үш тәуліктік толаскез алды. Қажетті техника көлемі жеткілікті болғандықтан жоспарлы жұмыс көзделген мерзім ішінде толықтай орындалды. Негізгі жұмыс мердігер компания «Теміржол жөндеу» ЖШС-нің қатысуымен жүзеге асырылуда.
Бір ерекшелігі, жолшылар биылғы күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтау мерзімін белгілемеген. Себебі қағаздағы есепке емес, сапаға баса мән берілуде.
– Негізгі міндет – 85 шақырымдық жол бойын темірбетонды шпалдарға ауыстырып шығу. Бұл ретте тікелей менің назарға алуыммен телім бойындағы жол өткелдері де жаңартылып, жұмыс техникалық талаптарға сай жүргізілуде, – деп пікір білдірді Семей магистральдық желі бөлімшесінің басшысы Айдын Шәукежанов.
Айта кетер жайт, шығыстағы теміржолшылар жол сауықтыру шараларын жыл сайын үдетіп келеді. Осыған дейін Аягөз және Семей жол дистанцияларына қарасты телім бойы күрделі жөндеуден өтіп, жолдың балдық сапасы жақсарған. Жалпы, бөлімшеге қарасты барлық телім бойы 2030 жылға қарай толықтай жаңартылып, ағаш шпалдар қолданыстан шығарылатын болады. Қазіргі болжам бойынша бүгінгі күннің өзінде жекелеген қумажолдар бойынша пойыздың қозғалыс жылдамдығын сағатына 60/80-нен 140 шақырым сағатқа дейін арттыру мүмкіндігі бар екен. Бұл – «Тальго» пайызының тек осы телімдегі шекті мөлшері. Семей мен Өскеменнен оңтүстік астана мен елорданы бетке алатын жай жолаушылар пойызының жылдамдығы сағатына 120 шақырымды құраса, жүк пойыздары 80 шақырымдық жылдамдықпен
жүйтки алатын болады.
Суретті түсірген автор
Қуаныш ҚОЖАЕВ,
Семей