Сырбойылық теміржолшылардың балаларды қорғау күніне жоспарланған іс-шаралар легі Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінен басталды. Магистральдықтар сала еңбеккерлерінің балаларын «Пумба» ойын-сауық кешеніне жинап, тамаша мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Кәсіподақ ұйымының төрайымы Ажар Тілеуова балаларға түрлі тәтті мен балмұздақ таратты. «Аманат» партиясының «Бақытты отбасы», «Кедергісіз келешек» жобалары аясында Теміржол филиалының атқарушы хатшысы Базара Танбаева да мерекенің ойдағыдай өтуіне атсалысты.
Ал Қызылорда станциясының ұжымы балаларға теміржолшы формасын кигізіп, бейне таспаға түсірді. Әрбір бала өз ата-анасының жұмыс орнында отырып, бір сәт өздерін ересек теміржолшылардай сезінуіне мүмкіндік жасалды. Балалар Қызылорда локомотив пайдалану депосының ауласындағы паровоз жанында, Қызылорда станциясының перронында «Мен болашақ теміржолшымын» ұрансөзі аясында суретке түсті.
– Балаларды қорғау күніне жоспарланған шаралар жыл сайын тұрақты өткізіліп, олардың ата-ананың, мемлекеттің қамқорлығында екенін сезінуіне ықпал жасау үшін бәрін жасаймыз. Биыл бұл шара өзгеше форматта өткізілді. Бүлдіршіндердің форма киіп, ата-аналарының жұмыс орнына келіп, нағыз теміржолшыдай сезінуі өте әсерлі шықты. Балақайлар қатты қуанды, – деді еңбек қорғау инженері Айжан Айбатова.