ҚУАНТСАҢ, ҚУАНТ БАЛАНЫ…

«ҚТЖ» ҰК» АҚ Халықаралық балаларды қорғау күнін кең көлемде атап өтті. Бір апта бойы ұлттық компания мен оның еншілес мекемелерінде еңбек ететін жүз мыңдаған теміржолшылардың балалары үшін түрлі форматта мерекелік шаралар өтіп, тәттілер таратылды.
1 маусым күні ҚТЖ бас офисінде компания қызметкерлерінің 1-14 жас аралығындағы 4 мыңнан астам балалары жиналып, арнайы дайындалған концертті тамашалады. Сонымен қатар балдырғандарға сабынды көпірік ойыны ұйымдастырылып, интерактивті шаралар да өткізілді. Балаларды түгел қамту үшін бағдарлама 4 кезеңге бөлініп ұсынылды. Таңертең 10:00 – 11:30, 12:00 – 13:30 аралығында өтсе, түстен кейін 14:00 – 15:30 және 16:00 – 17:30 аралығында ұйымдастырылды. Әр бағдарлама ұзақтығы 1,5 сағатты құрайды. Мерекелік бағдарлама компания бас ғимаратының мәжіліс залында өткізіліп, мазмұны заманауи кино кейіпкерлерін сахналау арқылы кішкентай көрермендерге ерекше қызықты болды. Әсіресе, балаларға жақын «Wednesday» кино кейіпкерінің образы мен оның балдырғандарға таныс биі ерекше тартымды болды. Ұйымдастырушылар сиқыр әлеміне де саяхат жасатып, бұл шоуға балалар мен олардың ата-аналарының да қатысуына мүмкіндік берді. Жалпы компанияда 17 жасқа дейінгі балаларға 170 мыңнан астам балаға іс-шаралар ұйымдастырылады.
Балалар мерекесіне орай биыл «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС-нің барлық бөлімшелерінде «Ашық есік күні» ұйымдастырылғаны да ерекше бастама болды. Өзге уақытта рұқсатсыз баруға болмайтын теміржолдың өндірістік нысандарына барған балалар экскурсия барысында ата- аналарының жұмыс орнында болып, негізгі теміржол мамандықтарымен танысты.
Еңбек ұжымдарында эмоционалды-мерекелік көңіл күй қалыптастыру мақсатында ҚТЖ көлемінде бастау алған «Жас теміржолшы» челленджіне үн қосуды әрбір ұжым қуана іліп алып кетті. Арнайы теміржолшы формасын киген балақайлар өндіріс орындары мен мұражайларды аралап, теміржолдың алғашқы әліппесімен танысты. Жолшы, вагон қараушы, станция кезекшісі, жолсерік, т.б. формаларын киген кішкентай теміржолшылар суретке түсіп, балмұздаққа тойды. Жалпы, барлық ұжымдарда кәсіподақ ұйымдарының бастамасымен балаларға тәттілер, арнайы дайындалған сыйлықтар табысталды.
Сондай-ақ, «Қазкөліккәсіп» ҚБ теміржолшылар балалары үшін музейде экскурсия және «Теміржол музейі балалар көзімен» деген тақырыпта балалар арасында сурет байқауын ұйымдастырды.
Кәсіподақ ұйымы төрағасының орынбасары Бақытжан Қуанышев балаларды мерекемен және жазғы демалыспен құттықтап, оларға естелік сыйлықтар тарту етті.
Ұлан ОРАЗ, Астана
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК