Қазақстандық машинист-нұсқаушылар біліктілігін арттыруда

Машинист-нұсқаушыларға арналған “Кәсіби шамшырақ” Корпоративтік даму бағдарламасы Астана қаласындағы “ҚТЖ” ҰК” АҚ қызметкерлерін оқыту және дамыту орталығында басталды.
Іс-шараның ашылуына “ҚТЖ” ҰК” АҚ Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің директоры Марат Шакенов, “ҚТЖ” ҰК” АҚ адам ресурстарын басқару департаментінің директоры Сәуле Истлеева және “ҚТЖ-Жүк тасымалы” ЖШС Бас директорының м.а. Марлен Көкірекбаев қатысты.
Оқытудың негізгі мақсаты – машинист-нұсқаушылар қызметінің тиімділігін арттыру. Бағдарлама кәсіби және көшбасшылық құзыреттерді дамытуға, “адам факторының” өндірістік процестерге теріс әсерін төмендетуге ықпал ететін білім мен дағдыларды игеруге, машинист-нұсқаушылар институтының жаңа мәртебесін қалыптастыруға, басқарудың озық құралдарын енгізуге бағытталған.
Төрт күн ішінде локомотив бригадаларының машинист-нұсқаушылары төтенше және стандартты емес жағдайларда қолданылатын жаңа дағдылар мен әдістерді үйреніп, нақтылыққа жақындатылған жағдайларда әрекет етеді. Машинист-нұсқаушылар локомотив бригадалары үшін техникалық сабақтар өткізетіндіктен, оларға ересектерді оқытудың қыр-сырын (андрагогика), оқыту процесінің әдіснамасы мен құрылымын зерделеуге мүмкіндік беріледі.
Екінші модуль цифрландыру, үнемді өндіріс, ESG және корпоративтік мәдениет, еңбек заңнамасы, стресске төзімділік мәселелерін зерттеуге арналған, ол онлайн форматта өтеді. Үшінші қорытынды модульде тыңдаушылар кейстерді практикалық талдауды, жобаларды қорғауды, қорытындылар шығаруды үйренеді, сертификаттар табысталады.
Үш модульдік оқытудан екі ай ішінде “ҚТЖ-Жүк тасымалы”ЖШС локомотив бригадаларының 50 машинист-нұсқаушысы өтеді.