Бүгінде теміржол бойындағы ірі қалалар мен станциялар басында тұрған паровоз ескерткіші ешкімге таңсық емес. «Орынбор-Ташкент» магистралі бойында жатқан Түркістан станциясында да Л-3992 сериялы көненің көзі тұғырда тұр.
Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне 2016 жылы 4 тамызда теміржолшылардың төл мерекесіне орай ашылған «Паровоз» атты тарихи ескерткіш жалғыз емес. Жанында темір тұлпар тізгіндеген машинист мүсіні де қойылған. Түркістан қаласы әкімдігінің бастамасымен және Түркістан станциясының тораптық ұжымдары қызметкерлері мен жұмысшыларының қолдауы нәтижесінде жүзеге асырылған ашық аспан астындағы мұражай көне шаһарға бір ғасыр бұрын келген теміржол тарихынан сыр шертеді.
Бүгінде облыс орталығы атанып, жан-жақты жаңарып-жаңғырып жатқан ер түріктің бесігі Түркістанның сәні мен салтанатына теміржолшылардың қосқан үлесі сынды.
– Паровоздар дәуірі бүгінде әрине келмеске кетті. Түркістанға алғашқы паровоз 1904 жылы келіп, 1961 жылға дейін пайдаланылды. Жергілікті паровоз депосы Орынбор-Ташкент теміржолы бойындағы ең ірі негізгі депо болған.Біздің бүгінгі ТЧЭ-33 Түркістан локомотив айналым депосы сол бір кездегі паровоз депосының заңды мұрагері екенін біз, түркістандық теміржолшылар мақтан тұтамыз. Біздің ғасырлық тарихымыздың белгісіндей тұғырда тұрған көне паровоз да көзімізге ыстық, – дейді Түркістан локомотив депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары Ержігіт Кенжебеков.
Бүгінде киелі шаһарға жолы түскен туристер, теміржолшылар Түркістан қаласындағы Абылай хан көшесі 9б мекен-жайда орналасқан «Паровоз» аспан асты мұражайын қызыға тамашалайды.
Рамазан МҰРАТ, Түркістан