Аққыстау: жеті айда 5,8 мың вагон жүк түсірілді

Аққыстау станциясы Ресейдің Астрахань бағытында – Нарын, Исатай, Афанасьев, Дина Нұрпейісова станцияларымен, Атырау бағытында Махамбет станциясымен шектеседі. Демек, шағын болса да көтерер жүгі ауыр. Себебі еларалық жүктер алдымен осы станция арқылы өтеді.
Станция Исатай ауданының орталығында орын тепкендіктен, мұнда келер жүк көлемі де қомақты. Оның үстіне теміржолдың бойымен тасылатын жүктің көлемі жыл сайын артып, ауданның экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келеді. Жергілікті халықтың негізгі тұтынатын тауарлары, құрылыс материалдары, азық-түлік, техникалық құралдар, мұнай өнімдері, т.б. осы станцияға келіп, жан-жаққа тарайды.
Станциядан күндіз-түні толассыз өтіп жатқан құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, жұмысты ұйымдастырып отырған 5 станция кезекшісі, вагондарды қабылдап-тапсыру, түсірілген немесе станциядан жөнелтілетін вагондардың ақауларын, тазалығын қадағалайтын 5 жүк қабылдап-тапсырушы, келген жүктердің тарифтерін, тұрған сағаттарына алымдарын есептеп, қаржылық операцияларды жүргізіп отыратын 3 жүк кассирі қызмет атқарады.
Жалпы, өңірде «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму мемлекеттік бағдарламасын асыруға бағытталған жұмыстар жалғасын табуда. Бағдарламаға байланысты Исатай ауданында «Атырау-Астрахань» тасжолының күрделі жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Бұл жұмыстар қарқын алған сайын Аққыстау станциясының да жұмысы жандана түсуде, жол құрылысына қажет материалдар станция тұйықтарынан көптеп түсірілуде. Одан бөлек, вагонмен жем, цемент, қиыршақ тас, т.б. жүктер жиі келеді.
– Статистикалық мәліметтерге көз жүгіртсек, 2021 жылы станцияда 2583 вагон жүк түсірілсе, 2022 жылдың тек 7 айында 2451, жыл қорытындысында 5 мыңға жуық вагон жүк түсірілді. Ал 2023 жылдың тек 7 айының өзінде 5684 вагон жүк түсіріліп отыр. Бұл – біз үшін жақсы көрсеткіш. Қазіргі таңда Аққыстау станциясы жол құрылысын салып жатқан PROGRESS CITY STROY, «Ант Иншаат Маден Санайи аноним ширкети», «КАЗСТРОЙСЕРВИС НС» ЖШС-не қызмет көрсетуде, – дейді станция бастығы Гүлнар Көшкімбаева.
Станцияға №625/626 «Атырау-Астрахань», №631/632 «Д.Нұрпейісова-Атырау» бағыттарында қатынайтын жолаушылар пойызы тоқтайды.
Қосұйым Мұқашев