Астанада теміржолшылар марафоны өтті

23 қыркүйек күні Астанадағы триатлон паркінде ҚТЖ-ның марафоны өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен спортты серік еткен теміржолшылар қатысты.
Бұл күні балаларын ерте келген теміржолшылар таң атпастан паркке жиналып, жүгіріс алдындағы жаттыуғаларын жасап әрі көптен көрмеген аймақтардағы әріптестерімен аман-саулық сұрасып, мәз-мейрам болып жатты. Жарысқа балалардан бастап ардагерлерге дейін қатысты.
Ұйымдастырушылар да қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, бұл күннің үлкен мереке екенін сездіре білді. Үлкен сахна тігіліп, ән орындалып, би биленді.
Жарыстың ашылуында сөз алған «ҚТЖ» ҰК» АҚ-тың Аппарат басшысы Серік Кеулімжаев марафонға қатысып жатқан теміржолшыларға сәттілік тілеп, ізгі ниетін білдірді.
Көп ұзамай сайыс та басталды. Жарыс жолына алдымен балалар шықты. Олар 2 км қашықтыққа жүгірді және 9-12 және 13-17 жас ерекшелігі бойынша сайысқа түсті. Сондай-ақ ардагерлер де 2 шақырымды қашықтыққа жүгірді.
Кейін ерлер мен әйелдер де жас ерекшеліктеріне қарай 5 км, 10 және 21 шақырымды қашықтыққа жүгірді.
Жеңімпаздарды құттықтау алдында ән-күй орындалып, марафонға қатысушылар арасында лоторея ойнатылды. Әсіресе сыйлық ұтып алған балалар жағы мәз болды.
Жеңімпаздарды құттықтау рәсімінде барлық жүлдегерге алқа тағылып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Осы жолғы марафонға отбасымен қатысқан теміржолшылар көп болды, олардың кейбірі баласымен бірге жеңіс тұғырынан көріне білді.
Солардың бірі Молдағалиевтер отбасы. Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінде еңбек ететін Руслан Молдағалиев 5 шақырымды қашықтыққа жүгіруде бірінші орынды жеңіп алды. Қызы Гаухар 13-17 жас аралығындағы қыздар арасында чемпион болды.
Спортпен тұрақты түрде айналысатын Р. Молдағалиев жақында аяғын жарақаттап алыпты, соған қарамастан бүгінгі жарыста бірінші келді.
«Менің ең жақсы көретін қашықтығым 21 шақырым. 2019 жылы осы қашықтықта бірінші орын алдым. Былтыр мерейтойға арналған сайыста 25 км-ге жүгіріп чемпион болдым. Аяғымнан жарақат алған соң осы жолы 5 км қашықтыққа жүгіруіме тура келді. Жалпы елімізде өтіп жатқан марафонға тұрақты қатысып тұрамын», – дейді ол.
Алты бала тәрбиелеп отырған теміржолшы олардың барлығын спортқа баулып жүр. Ең үлкен ұлы Шыңғыс баскетболмен айналысады екен. Бүгін жеңіс тұғырынан көрінген қызы Гаухар мен өзге де балалары үстел теннисімен машықтанып, арасында әкесімен бірге жүгіріп тұрады. Гаухар болашақ теміржолшы, ол қазір Астанадағы Жоғары көлік және коммуникация колледжінде теміржолшы мамандығы бойынша білім алып жатыр.
Жоғарыда айтқанымыздай жарысқа еліміздің әр түкпірінен теміржолшылар келді. Солардың бірі сонау Атыраудан келген Жалғас Мугамуллин. Ол бүгінгі жарыста 30-39 жас аралығында 5 км жүгіруде қола жүлдегер атанды. 2018 жылдан бері Атырау облысының ПЧ-9 мекемесінде жол жөндеуші болып еңбек етіп келеді. Жүгіруді жаны сүйетін теміржолшы 2019 және 2022 жылдары Астанада өткен марафонда 5 км-ге жүгіруде бірінші орын алған.
«Мені осылай жарысқа жіберіп отырған жұмыс орныма алғысым шексіз. Әсіресе, кадр бөлімінде жұмыс істейтін Нұрбике апама рахмет айтамын. Әріптестерімнің үмітін барынша ақтадым. Ауылда жұмыстан келген бойда далада төбе-төбенің арасымен күнделікті жүгіріп тұрамын», – дейді теміржолшы.
Басты мақсат жеңіс емес, қатысу демекші бүгінгі марафон игілікті шара болғаны сөзсіз. Спорттық шараға қатысқан теміржолшылар салауаттық өмір салтын мықтап ұстанып, өз ұрпақтарын да спортқа дәріптей түспек.

Әділет Мұсахаев

Фото: Жабчук