Теміржол саласының темірдей тәртіпке басымдық беріп әрекет етуі аймақтағы басқа да еңбек ұжымдарына оң әсерін тигізіп отыр. Алмат Досымов басқаратын Шиелі вокзалы аудандағы үлгілі де үздік ұжым атанды.
Таратып айтсақ, мекемедегі тәртіп пен тазалық, жұмысшыларға қамқорлық, еңбек қатынастарының сақталуы секілді бірнеше номинация қорытындысын нысанаға алған комиссия Шиелі теміржол вокзалын ауданның ең үздік еңбек ұжымы деп таныды. Ауласы гүлмен көмкеріліп, абаттандырылған вокзалдың сырты да, іші де мұнтаздай таза, келген-кеткен жолаушы үшін қолайлы да жайлы жағдай жасалған. Ал қызметкерлері елгезек те ілтипатты қызметімен танылған. Жуырда жоғарыдағы комиссия шешімімен теміржол вокзалында үлгілік семинар ұйымдастырылды.
– Семинарда кенттегі әр мекеме өз ауласын Шиелі вокзалындай гүлдендіріп, тазалығына мән беру арқылы ауданның көркеюіне атсалысатындары айтылды. Вокзал жұмыскерлері Қаншайым Қарғабаева, Перизат Тасқынбаева мен Серік Қапановқа аудандық мәслихат төрағасы Айтбай Жандарбеков, аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов пен кент әкімі Амангелді Өмірәлі Алғыс хат табыс етті. Шиелі ауданының әкімі тарапынан вокзалға бесмүйізді жарықшам, төбесі жабық 10 орындық, қоқыс салатын урналар берілді, – деді Шиелі теміржол вокзалының бастығы Алмат Досымов.
2021 жылы Шиелі ауданы бойынша үздік атанса, 2022 жылы Қазақстан темір жолының 25 жылдығына орай «Үздік басшы» номинациясымен марапатталған Шиелі вокзалының бастығы Алмат Нұрмағанбетұлының еңбегін атап өтпеу мүмкін емес. Теміржол саласында 30 жылдан аса жұмыс істейтін ол – теміржолшылар әулетінен. Әкесі Нұрмағанбет Досымов 37 жыл, анасы Қарашаш 15 жыл Шиелі жол дистанциясында еңбек еткен. Ағалары Бақыт 43 жыл, Дәулет 38 жыл, Қанат 9 жыл жұмыс істеп, осы дистанцияның өркендеуіне үлес қосқан теміржолшылар. Алматтың ұлы Бексұлтан да ата жолын жалғастырып, жол дистанциясында инженер болып еңбек етеді.
Ал аудан бойынша ең үздік, ең үлгілі ұжым атанған Шиелі вокзалының әрбір жетістігі еңбекқор ұжымның арқасы дейді вокзал бастығы.
Сабырхан Сейілбекұлы