Ардагер теміржолшылар 60 жыл өткен соң кездесті

Бәрі осыдан 60 жыл бұрын басталған еді. Жастық жігермен білім алып, кәсіпті игеруге ұмтылған қыз-жігіттерді заманмен бірге дамып, уақытпен бірге тоқтаусыз алға жылжып, өзгеріп отыратын саланың маманы болсақ деген ортақ арман мен мақсат біріктірген болатын.
Кешегі кеңестік заманда Жамбыл теміржол кәсіптік училищесін бітірген мамандарды өмір жолы әр тарапқа бастады. Сан тарау жолға сапарға шыққан олардың арасында әрине жұмыс бабымен қос рельстің бойында кездесіп қалғандар да болды.
Жылдар өтіп, теміржол саласында еңбек жолын қарапайым жұмыстан бастаған кешегі жас түлектер тәжірибесі толысып, шыңдалған маманға айналды. Енді міне, олар 60 жылдан кейін бас қосып отыр…
Тараз көлік және коммуникация колледжінің 1963 жылғы түлектерінің кездесуі осындай жарқын естеліктермен басталды. Бұл кезде ардагерге айналған кешегі шәкірттер жастарға өмір жолдарынан қызықты естеліктер айтып, келелі әңгіме қозғады. Ол кезде бұл білім ордасы «ПТУ12» деп аталған екен. Қазіргідей материалдық база жоқ. Теориялық білімді практикада шыңдап қана нәтижеге жетуге болатын кез. Кездесуге сонау Ресейдің Краснодар өлкесінен арнайы келген Анатолий Виниченко өздеріне білім берген ұстаздары мен шеберлер жайлы сағынышқа толы естелік айтты.
Анатолий Виниченко – бүгінде Краснодар қаласындағы Кубань университетінің профессоры екен. Кешегі түлектер колледж ішін аралап көріп, музеймен танысты, естелік суретке түсті.