Жамбылдық теміржолшылар мен ардагерлер арасында шахмат пен дойбыдан турнир өткізді. Екі күнге созылған сайыста үздік ойыншыларды анықтау оңайға соққан жоқ.
Кәсіподақтың ұйымдастыруымен өткен сайыс еліміздің ең ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күніне арналды. Жалпы Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесінде спорттық бәсекелер жиі ұйымдастырылып тұрады. Бөлімшенің спорт нұсқаушысы Амангелді Байходжаевтың айтуынша, бұл – жыл ішінде екінші рет өткізіліп отырған дәстүрлі бәсеке екен. Шыдамдылықпен қатар, шапшаң ойлауды қажет ететін шахмат пен дойбыны ақылдылар ойыны деп бекер атамайды. Ойыншының логикалық жүйесі жүйрік болуымен қатар, қарсыласының ойын барлай алатын, келесі жүрісін болжай алатын сезімталдық керек. Ал бұл қасиеттердің бәрі теміржолшылардың бойында бар. Себебі тұтас саланың жұмысы тоқтаусыз жүруі үшін мамандарға қойылатын талап пен жауапкершілік жүгі жоғары.
Ақыл мен ой алаңында бас қосқандар тамаша турнир өткізді. Таң қаларлығы сол, «ТЧ-31» локомотив пайдалану депосының ардагері, зейнеткер В.Устинов шаршы тақта алдында шахматтан да, дойбыдан да қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанды. Шахматтан 2-орынды «ЭЧ-21» электрмен жабдықтау дистанциясының өндірістік оқыту шебері М.Құлбаев иеленсе, үздік үштікті «ЭЧ-23» Сарышаған станциясының энергия диспетчері Ж.Тұрарбек түйіндеді.
Ал дойбыдан «ТЧ-31» локомотив пайдалану депосының ардагері С.Русин 2-орыннан көрінді. 3-орынды жол дистанциясында еңбек етіп зейнетке шыққан теміржолшы А.Қрымбаев еншіледі. Жеңімпаз бен жүлдегерлерге дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды.
Ардақ Үсейінова