Қызылорда станциясының теміржолшылары тауар конторының басшысы Гүлнар Мұсаеваны зейнет демалысына шығарып салды. Салтанатты шарада станция басшысының орынбасарлары Алмас Ұзақбаев пен Әмірбек Матжанов, аға жүк қабылдап-тапсырушы Тұмар Әлібаева, Жарас Утебалиев, кассир Фарида Кеңесбаевалармен бірге өзге де әріптестері қатысып, ізгі тілектерін арнады.
«ҚТЖ-ЖТ» серіктестігі «ГП-Қызылорда» бөлімі директоры Батырхан Базарбаев пен кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Көпірбаевтың атынан әзірленген адресатты кәсіподақ төрағасы Мұхтар Өмірзақұлы әріптесінің осы уақытқа дейін станцияның өндірістік жұмысын нығайтуға қосқан үлесіне шолу жасап, басшылықтың рахметін білдіріп сыйлық табыстады.
«Станция теміржолшылары өз ісінің шебері, білікті басшы бола білген Гүлнар апамызды салтанатты түрде зейнет демалысына шығарып салудамыз. Ол кісі кәсіби маман ретінде ұжымдағыларға тәлімгер ұстаз секілді білмегендерге үйретіп тәжірибелі теміржолшы болудың жолын көрсете білгендіктен әріптестерінің алдында сыйлы, абыройлы болды. Алдағы уақытта да Гүлнар апамыздың ұстанымын, тәжірибесін пайдаланып сол кісі секілді зейнеткерлеріміз салған жолды жаңғыртатын боламыз»,-деді станция бастығының орынбасары Алмас Ұзақбаев.
Сонымен станция есебіндегі зейнеткерлер саны бір зейнеткерге көбейді… Әріптестеріне арнаған сыйлықтарын ұсынған станциялықтар, барлығы кезек-кезегімен ақжарма тілектерін айтып, Гүлнар апа секілді біз де осы жерден зейнет жасына жетіп, демалысқа шығу мұратына қауышсақ деп ақ пейілдерін білдірумен қатар әріптестердің бірін-бірі алдағы келе жатқан жаңа жыл мерекесіне де игі тілектерін арнауына жалғасты. Су жаңа зейнеткермен естелік суретке түсті.