«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған машинист құрметті демалысына шықты

Маңғыстау локомотив депосында жиырма жылдан астам еңбек етіп, жас буынды еңбекке баулуға зор үлес қосқан тепловоз машинисі Шорабай Абдашов та зейнет жасына жетті. Бірер күн бұрын әріптестері оны құрметті демалысқа шығарып салды.
Шорабай Табынбайұлының құрметіне ұйымдастырылған басқосуда мекеменің кәсіподақ ұйымы мен басшылығы машинистке алғыс айтып, сый-сияпатын жасады. Шорабай Абдашов та теміржолда өткен қырық жылға жуық уақыт ішінде көрген-түйгенін сөз етіп, өзі өсірген шәкірттеріне еңбекте табыс тіледі.
– Шорабай Абдашов «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған машинист. Тарихи отанына оралған 2002 жылдан бері тепловоз машинисі болып жүк пойыздарын жүргізді. Маңғыстау – Сайөтес, Маңғыстау – Жаңаөзен станциялары арасында жүк вагондарын тасымалдап, түбек теміржолында абыроймен қызмет етті. Өзіне бекітілген тепловоздардың техникалық күтіміне ұқыптылығы, тапсырманы орындау, жанармайды үнемдеу жағынан да алдына жан салмайтын жауапты жан. Пойыздар қозғалыс қауіпсіздігін сақтауда да еңбек озаттары қатарынан көрініп жүрген майталман. Осы саладан табан аудармай келе жатқанына биыл 36 жыл болыпты. Соның ішінде Маңғыстау теміржолының дамуына қосқан үлесі орасан, – дейді Маңғыстау локомотив депосының кәсіподақ ұйымы төрағасы Әбілсейт Набиханов.
Еңбек жолын 1988 жылы Өзбекстан теміржолының Жақсылық локомотив депосында тепловоз жөндеуші болып бастаған Шорабай ағамыз темір тұлпарды тізгіндеген жылдарын сағынатынын айтып, әріптестерімен қимай қоштасты.