Теміржолшылар – жан-жақты белсенді халық. Қозғалыс қауіпсіздігін сақтап, жүк және жолаушы тасымалын қамтамасыз етіп отырған сала мамандарының үні азаматтық қоғамда да жиі естіледі. Атыраулық теміржолшы Мұрат Ізмұқанов «Жаңа Қазақстанның жыл адамы» республикалық байқауына қатысып, жүлдегер атанды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауын кеңінен насихаттау бойынша өткен байқауда 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталған Мұрат Жұмабайұлы Атырау магистральдық желі бөлімшесінің вокзал шаруашылығы бөлімінде жетекші инженер болып еңбек етеді. 1973 жылы 18 сәуірде Атырау облысы Қызылқоға ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз еңбек жолын 1990 жылы «Тұрғын үй-91» бағдарламасы бойынша құрылысшы болып бастаған екен. 1994 жылы Ақтөбе теміржол бөлімшесінің Каспий өңірлік орман шаруашылығында, 1998-2007 жыл аралығында Атырау теміржол вокзалының жүк бөлімінде, жүк вагонының жолсерігі, электромеханик, шебер болып жұмыс істеді. 2007-2014 жылдар аралығында бас инженер лауазымын атқарды. Еңбегі бағаланып, «Жыл маманы-2013» белгісімен марапатталды. Көлік және коммуникация, жоғары технология колледжі мен Қазақ қатынас жолдары универститетін тәмәмдаған жоғары білімді маман. 2017 жылдан бүгінгі күнге дейін Атырау магистральдық желі бөлімшесінің вокзал шаруашылығы бөлімінде жетекші инженер қызметінде.
Мұрат теміржол саласының мамандары «сегіз қырлы, бір сырлы» бола алатынын да дәлелдеді. Шығармашылықпен айналысып, өлең жазатын жігіт «Тіршілік тынысы» атты кітаптың авторы. Жырлары газет, журнал беттерінде жарияланып тұрады. «Мәдениет саласының үздігі», «Үздік маман» төсбелгілерінің иегері.
Президент Жолдауын халыққа түсіндіру бойынша облыстық үгіт-насихат бригадасы құрамында болып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық істерге белсене қатысқаны үшін «Жыл адамы» республикалық байқауының жүлдегері атанған теміржолшыны Атырау магистральдық желі бөлімшесі ұжымы мен кәсіподақ ұйымы құттықтап, еңбекте табыс, отбасында амандық тіледі.