Маман тапшылығы сезілуде

Жаңадан құрылған Абай облысы бойынша өндірістік салада, соның ішінде көлік-логистика саласында жұмыс күші жетіспейді. Мамандардың қажеттілігі теміржол бойында да мейлінше айқын сезілуде әрі алдағы уақытта бұл тапшылық арта түспек.
Мәселен, қазіргі таңда электронды еңбек биржасында көлік және логистика саласы бойынша 75 тұрақты түрдегі жұмыс орны бос тұр екен. Бұл бір есептен аталмыш сала бойынша өңірдегі жұмыстардың жандана түскендігінің де айғағы.
Ал, теміржол саласы бойынша, әсіресе жол шаруашылығына түрлі мамандар қажет. Семей магистральдық желі бөлімшесі мәселен, теміржолдар, жол құрылыстары, көпірлер мен көлік туннельдері құрылысы мамандығы бойынша жоғарғы
техникалық білімі бар, өндірістегі жұмыс өтілі бір жылдан кем емес мамандар іздеуде. Сол тәрізді бүгінде бөлімше бойынша қолданыстағы нормативтік құжаттарға сәйкес жол жөндеу жұмыстарын, жол және қар тазалау машиналарының жұмысын
басқаратын білікті мамандар да қажет болып отыр. Яғни, жол шеберлеріне сұраныс жоғары болып тұр. Мұндай мамандардың қажеттілігі әсіресе Өскемен, Күмістау, Аягөз жол дистанцияларында туындауда.
Шығыстағы теміржол саласында қызмет ететін жаңа толқынның 30 пайыздан астамы жастар.
Яғни, еңбек нарығында жастардың үлес салмағы басым түсуде. Оған бір себеп, соңғы жылдары арнаулы орта білім беретін технологиялық оқу орындарының теміржол саласына да мамандар даярлауды қолға алуы болып отыр. Әйтседе, дербес облыс болып қайта құрылған өңірдегі өндіріс көлемінің ұлғаюы, жаңа кәсіпорындардың ашылуы мамандарға деген қажеттілікті арттырып отыр. Мамандарға деген мұндай зәрулік шекара шебіндегі шалғайстанцияларда да анық байқалады.
Бір ғана мысал, Семей электрмен жабдықтау дистанциясының Шемонайха аудандық электр станциясына шеберлер мен көлік жүргізушілері, электромеханиктер қажет етілуде. Соңғыларының жалақысы 280 мың мен 320 мың теңге аралығында
екен. Бұл шығыс өңірі бойынша ең жоғары жалақыға жатады.
Осыған дейін оңтайластыру саясаты аясында әр жылдарда мамандар саны шектеліп келген ЭЧ-18 мекемесі үшін де соңғы уақыттарда үлкен серпіліс бар екендігі аңғарылады.
Сонымен қатар, Бақты – Аягөз құрылысының басталуына байланысты алдағы жылдары бұл сұраныстар арта түсетіні анық.
– Болжам бойынша жаңа магистраль құрылысы 1700-ден астам адамды тұрақты жұмыс орындарымен қамтитын болады.
Жүктерді түсіру-тиеу бекеттерін ашу да жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. Ал, алып құрылыс барысында желі бойында 11 станция, 16 бақылау құрылыстары салынатынын ескерсек, теміржолшы мамандығына деген қажеттілік тіптен
жоғарылайды, – дейді бұл орайда пікір білдірген бөлімшенің кадр мамандары.
Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Суретті түсірген автор