Қызылорда: волейболдан турнир өтті

Қызылордалық теміржолшылардың «Сейхун» спорт кешенінде өткізген волейбол турнирі Қазақстан теміржолының 120 жылдық мерейтойына арналды. Станциядағы салалық мекемелердің командалары арасында жүлделі орындар үшін тартысты сайыс өтті.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметовтің бастамасымен өткен спорттық бәсеке Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің «НЖС-10» және Қызылорда локомотив пайдалану депосының «ТЧЭ34» командалары арасында басталды. Бұған дейін талай кездесіп, бір-бірімен сыралғы болған қос құрама ойыншылары арасындағы доданың қорытындысында «НЖС-10» құрамасы қарсыластарын екі мәрте ұпай санын еселей отырып қапы қалдырды.
Осылайша кезекпен ойын алаңына шығып, озық ойын техникасы, ептілігі мен ұйымшылдығы арқасында іріктеу сайыстарынан өткен командалар арасында өзара мықтыны анықтау үшін жүлдені сарапқа салды. Нәтижесінде Қызылорда электрмен жабдықтау дистанциясының «ЭЧ25» командасы жүлделі 3-орынды иеленді. Турнир жүлдесі үшін үнемі бір-бірімен ақтық сынға шығып күш сынасатын Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің «НЖС-10» мен Қызылорда қосалқы бөлімінің «НОД-ГП-10» құрамалары бұл турда да алаңға бірге шықты. Ойынның әр сәтін оңтайлы пайдалана білген жүк тасымалы ойыншылары магистральдықтардың осал тұсын тез анықтап, ұпай санын еселей отырып жеңіске қол жеткізді.
– Сонымен қатар «НЖС-10» құрамасынан Бағдат Сардаров «үздік шабуылшы» атанды. «НОД-ГП-10» құрамасынан Нұртуған Өтеғұлов «үздік қорғаушы», «ДС Белкөл» командасынан Айбек Айшықов «үздік үйлестіруші» атанса, «ЭЧ-25» құрамасының мүшесі Мағжан Маханбетжанов «үздік ойыншы» деп танылып, арнайы жүлдеге ие болды. Биылғы ұлттық компанияның мерейтойына арналған осындай спорттық шаралар аймақта жыл бойы жоспарлы түрде жүргізілетін болады, – деді бөлімшенің спорт үйлестірушісі Бақытжан Имбергенов.
Жүлдегерлерге «Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының атынан кубок, диплом және қаржылай жүлде табысталды.
Сабырхан Сейілбекұлы