Жаңа модульді үй пайдалануға берілді

  • Рубрика записи:Новости

Астанада Қырқыншы машиналандырылған жол дистанциясы қызметкерлері үшін су жаңа модульді үй орнатылды. Өмір сүру талабына толықтай сай келетін, кәдуілгі жайлы пәтерден айырмашылығы жоқ жұмыртқадай ақ үйді тамашалап қайтқандар қатарында біз де болдық.
Мекеменің бас инженері Бахтияр Бекеновтің айтуынша, бұл үй вахталық әдіспен жұмыс істетін ауыр жол техникаларын жүргізетін машинистерге, жұмысшыларға арналған.
«Біздің техникалар жоспарлы және жоспардан тыс жөндеулерге кіргізіліп, кез келген уақытта жол жөндеу жұмыстарына жұмылдырылады. Міне, осы уақытта машинистер мен олардың көмекшілері уақытша осынау модульді үйде тұратын болады, өздеріңіз көріп тұрғандай, мұнда өмір сүруге қажетті керек-жарақтың бәрі бар», – дейді ол.
Сыртқы келбеті келісті модульді үйдің іші де ұядай жылы да жинақы, жарық, таза екен. Он адамға арнап жасалған, екі жатын бөлменің әрқайсысында бес кереуеттен қойылған. Төсек-орын және төсек жабдықтары жап-жаңа. Әр кереуеттің жанында шағын тумбалар және розеткалар бар. Сондай-ақ әр адамға арналған киім шкафтары бар. Ал үйдің кіреберісіндегі оң жақта асүй бар. Ол газ плита, тоңазытқыш, қысқа толқынды пеш, үстел он орындығымен, ыдыс-аяқ жуатын шкафпен жабдықталған. Асүйде сондай-ақ тазартылған су фильтрына дейін орнатылған. Таза су диспенсері де бар. Жарқырап тұрған су жаңа ыдыс-аяқ, қасық-шанышқыларға дейін жабдықталуы – жеткізушінің жауапкершілік деңгейі жоғары екенін көрсетеді. Ал келесі бір бөлме жуынатын орын, онда екі душ, үш қолжуғыш орнатылыпты. Салқын және ыстық су келіп тұр. Дәретхана іште де, сыртта да бар. Кіреберісте киім кептіретін арнайы шкаф қойылып, ол жылу беретін жүйемен жабдықталған. Модульді үй қыста ток пешімен, ал жазда салқындатқыш жүйемен жабдықталған.
«ҚТЖ» компаниясы жұмысшылардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек қорғауға бұрыннан да көңіл бөліп келеді. Бұған дейін де тұрып келген вагондарымыз жаман емес еді, ал мынау тіпті тамаша. Ұжымдық шарттағы әлеуметтік пакет жеңілдіктерін де толық пайдаланып келеміз. Сондықтан жұмыс берушіге алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – дейді ДГС-519 техникасы машинисінің көмекшісі Ерден Сүлейменов.
Сұлугүл Бакесова