Вы сейчас просматриваете Жаңа желінің құрылысы басталды

Жаңа желінің құрылысы басталды

  • Рубрика записи:Новости

Өткен күзде Абай облысының орталығы Семей қаласында, нақтырағы Ертіс ортасындағы «Бейбітшілік» аралына пойыз қатынасын жүргізу бойынша тың жоба қолға алынған еді. Жуырда аталмыш жобаның екінші кезеңі бастау алып, құрылыс барысы қызу түсуде.
Жалпы, аралда кеңес заманында балалар пойызы болған еді. Алайда, жаңа жобаның ауқымы кең, тек өскелең буынға ғана емес, жолаушы тасымалындағы күрмеулі мәселелерді шешуде қалалықтардың барлығына да ортақ игілік болмақ.
Аталмыш жобаның бірінші кезеңі бойынша осыған дейін бұл аймақтың топографиялық картасы түзіліп, облыстық әкімдік электр энергиясымен жүретін заманауи «паровоз» да сатып алды. Оған лайықталған арнайы вагондардың қажетті бөлшектері де жеткізілді.
– Өткен жылы жобаның алғашқы кезеңі бойынша жұмыстар жүргізген болатынбыз. Соның нәтижесінде арнайы тапсырыспен жылжымалы құрам бөліктері алынды. Оны құрастыру жұмыстарымен алдағы уақыттарда Ресейдің Удмуртия елінің жеке компаниясы айналысады. Ал қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі бойынша нақты іс-шаралар қолға алынуда. Оның аясындағы жұмыстар осы жазда аяқталатын болады, – дейді бұл орайда мердігер компания жетекшісі Геннадий Пьянов.
Ендігі аралықта рельстерді төсеу жұмыстары басталмақ. Қазіргі күндері мердігер компания байырғы балалар теміржолының ізі бойынша даярлық жұмыстарын жүргізуде. Теміржол төсемі салынатын аумақ қалың өскен ағаш пен көпжылдық бұталардан, шөптер мен күресінен тазартылып, тегістелуде. Айта кетерлігі, құрылысты жүргізетін компания әрбір шабылған ағаштың төлемі ретінде он данадан көшеттер отырғызуды да көздеп отыр.
Айта кетсек, бастапқы жоба бойынша ерекше жылжымалы құрам Ертіс үстінен өтетін орталықтағы жаяу жүргіншілер көпірінен бастап, аралдағы барлық маңызды нысандар аралығында тұрақты қатынайтын болады. Соның ішінде балаларға арналған биологиялық орталық және аралдағы жағажай мен жеке сектордағы тұрғындарға да лайықты қызмет көрсетілмек.
Пойыздың іске қосылуымен аралға қатынайтын автокөлік қатынасына шектеу қою шаралары көзделуде. Мақсат – қалалықтар мен шаһар меймандарының жиі ат шалдыратын демалыс орны, тарихи мәні бар арал табиғатын сақтап қалу.
Ал жаңа желінің толықтай іске қосылуымен қала ішіндегі ішіндегі жолаушылар қозғалысы жандана түспек. Ол жылдың төрт мезгілінде де қызмет көрсететін болады. Ал жаңа жоба жүзеге асқан соң қозғалыс қызметі кластан тыс Семей станциясына, ал желі күтімі Семей жол дистанцияның қарамағына берілмек. Бұл, сөз жоқ, аталмыш мекемелердің қызметін кеңейте түсетін болады.
Қуаныш Қожаев