Семей ЖТ бөлімшесі бойынша теміржолшылар үшін қолайлы еңбек ортасын қалыптастыру, жұмыс орнында жайлылық орнату мақсатында әлеуметтік іс-шаралар көптеп қолға алынуда.
Әуелгі кезекте шалғайда орын тепкен станциялар бірінші кезекте назарға алынған. Теміржол инфрақұрылымын қайта жаңарту, жаңғырту арқылы қауіпсіз әрі жайлы жұмыс орнын қалыптастыру бұл орайда маңызды қадам болып табылады.
Мәселен, өткен жылы жыл соңына дейін он нысанға ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізіліп, талапқа сай етілсе, тағы екі ғимараттағы жылу желілері толықтай ауыстырылған-ды. Бұл бағыттағы шаралар биылғы жылы да жалғасын табуда. Бөлімше басшысы Алмас Сейсемқановтың бастамасымен ағымдағы жылы бөлімшеге қарасты жалпы саны 29 ғимаратқа жөндеу жүргізу жұмыстары жоспарланған болатын. Іс-шаралар қатары қазіргі таңда қызу қарқынмен басталып кетті. Атап айтсақ, бағыттамалық бекеттер, РСДВ бекеттері, Семей, Жаңа-Семей, Бұқтырма, Риддер, Күмістау және басқа да станциялардағы жолаушылар вокзалы ғимараттары, сондай-ақ локомотив деполарының бірқатар өндірістік нысандары қайта жаңғыртылмақ.
– Биылғы жылға жоспарланған барлық жөндеу жұмыстары теміржол бойындағы инфрақұрылымды жақсартуға бағытталып отыр. Бұл даму бойынша стратегиялық іс-шаралардың маңызды бөлігі саналады. Ол өз кезегінде салалық қызметтің сапасын жақсартып, еңбек процесін нәтижелі етеді. Кейбір іс-шаралар негізінен теміржолшылар қауымымен кездесулер барысында айтылған өтініш-пікірлер бойынша жүргізілуде, – дейді бұл орайда бөлімшенің персоналмен жұмыс атқару бөлімінің менеджері Бекзат Кәрімханов.
Бұл шаралардың сыртында желі бойындағы кейбір мекемелер шаруашылық негізбен балалардың ойын алаңдарын жаңартып, жасанды футбол алаңдарын қалыпқа келтіруде. Осы орайда биыл іргетасы қаланғанына 110 жыл толатын Семей жол дистанциясы, Семей локомотив пайдалану депосы, Семей станциясы ілкімді шараларды қолға алып отыр. Мәселен, ПЧ-39 мекемесі Дегелең-Жаңа-Семей телімінің ортасында орын тепкен кіл теміржолшылар тұратын Шаған станциясы өзінің 110 жылдығына орай осындағы ойын алаңқайына жөндеу жүргізді. Дистанция басшысы Рахат Ботаспаевтың айтуынша, бұл бағыттағы шаралар жыл соңына дейін жүргізіле береді.
Қуаныш Қожаев