50 бала лагерьге аттанды

Биыл Атырау облысындағы су тасқыны біраз жоспар-жұмыстарды кешіктіргені рас. Соған орай балалар жазғы демалыс лагерьлеріне енді аттанып жатыр.
Атырау жүк тасымалы бөлімшесі кадр бөлімінің бастығы Ерлан Тариховтың айтуынша, 15 шілде күні бөлімше қызметкерлерінің 7-14 жас арлығындағы балалары Шымкенттегі «Машат» демалыс лагеріне аттанып кетті. Атыраулық 50 бала 14 күн бойына жаздың жаймашуақ күнінде таза ауада қыдырып, суға шомылып, әр түрлі қызықты ойындар ойнап, демалыстың қызығын көріп қайтады.
Атырау магистральдық желі бөлімшесі персоналды басқару бөлімінің бастығы Анар Жалғаспаеваның айтуынша, шілденің 22 күні 101 бала Ақтөбедегі «Әсем» лагеріне аттанады. Ал екінші кезеңде шілденің 27 күні 45 бала Ақтаудағы «Балдәурен» балаларды сауықтыру орталығына барады. Олардың денін әрине көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар құрайды.
Кадр және кәсіподақ жетекшілерінің айтуынша, олар балалар демалыс аймағында алдын ала болып, жан-жақты танысқан. Айтуларынша, демалыс орындарында балалардың жазғы демалыста бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Лагерьге келушілерді күн сайын медбикелер тексеріп, сауықтыру іс-шаралары мен гигиена бойынша әңгімелер өткізеді. Күнделікті жоспар бойынша таңертеңгі флешмобтар, тәрбие сағаттары, байқаулар ұйымдастырылады. Тәлімгерлер балалардың демалысы көңілді, қуанышқа толы болуы үшін әр күнге жоспарланған қызықты мерекелік іс-шаралар әзірлеп, топтық спорттық, табиғат аясындағы ойындар, саяхаттар, концерт залында, жұлдыз залында қызықты фильмдер көрсету, түрлі экскурсиялар, флешмобтар, әртүрлі тақырыптағы сурет салу байқауларын да өткізеді. Сондықтан балалар үшін жайдары жаз жайлы демалыс сыйлайтыны анық.
Қосұйым Мұқашев